Русский

Ресми баспасөз хабарламасы

САУАЛНАМА: Қазақстандықтардың 64%-і ешқандай жағдайда азаптауға жол беруге болмайды деп есептейді

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы 2026 жылғы 3 маусымнан 16 маусымға дейін «Қамауда және бас бостандығын шектеу орындарында отырған азаматтарды азаптау мен аяусыз қарауға көзқарас» тақырыбында азаматтар арасында сауалнама жүргізді.

26 маусым күні бүкіл әлем Халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күнін атап өтеді. 1987 жылы дәл осы күні Азаптауға және басқа да қатігез, адамгершілікке жат немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түріне қарсы конвенция күшіне енді. Қазақстан Конвенцияға 1998 жылдың тамыз айында қосылды. DEMOSCOPE зерттеуі құқық қорғау органдары мен құқық қорғаушы құрылымдарға деген қоғамның сенім деңгейін, сонымен қатар азаптау мен аяусыз қарауға деген халықтың көзқарасын бағалады.

Жалпы бағалау және мәселенің өзектілігі

Зерттеу нәтижесі Қазақстанда азаптау мәселесінің қоғамдық маңызы жоғары екенін көрсетті. Респонденттердің жартысынан астамы (54,9%) мәселені өзекті деп санайды, соның ішінде 27,4%-і аса өзекті десе, 27,5% респондент өзекті сияқты деп жауап берген. Ал респонденттердің 13,7%-і мәселені өзекті емес сияқты деп бағаласа, 13,2%-і мүлдем өзекті емес деп есептейді. Тағы 18,2%-і баға беруге қиналған.

Сауалнамаға жауап бергендердің жартысына жуығы азаптау мен аяусыз көзқарас туралы белгілі бір дәрежеде хабардар. Респонденттердің 42,2%-і мұндай жағдайлар туралы естігенін айтса, 4,6%-і өзі немесе таныстары осындай жағдаймен бетпе-бет келгенін көрсеткен. Сауалға жауап бергендердің 51,8%-і мұндай жағдайлар туралы естіген жоқпыз деп мәлімдесе, 1,4%-і жауап беруге қиналған.

Десе де, азаматтардың көпшілігі азаптау қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет екенінен хабардар. Бұл туралы сауалнамаға жауап бергендердің 70%-і біледі. Басқа 27,4%-і азаптау үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін білмейтін болса, 2,6%-і жауап беруге қиналған.

Қарастырылған жаза мен жауапкершіліктің салмағын бағалау

Қазақстан заңы бойынша, ауырлататын жағдайы жоқ азаптауға 21 625 000 теңге көлемінде айыппұлдан бастап, 6 жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы қарастырылған. Респонденттердің 51,7%-і мұндай жазаны дұрыс деп санайды. 15,2%-і жеткіліксіз десе, 18,7%-і тым ауыр жаза деп есептейді. 14,4%-і көзқарасын жеткізуге қиналатынын білдірген.

Азаптау құрбанына келтірілген зиянға қаржылық жағынан кім жауапкершілік алуы керек деген мәселеде респонденттердің пікірі екіге жарылды. Азаптау құрбанына келтірілген қаржылай шығынды азаптауға кінәлі деп танылған тұлға көтеруі керек деп санайтындардың үлесі көп, респонденттердің 52,1%-і осындай пікірде.

Тағы 26%-і қызметкері кінәлі деп танылған мекеме немесе орган жауапты болуы керек десе, 14,4%-і ғана келтірілген шығынды бюджет есебінен мемлекет өтеуі керек деп санайды. Басқа жауаптың үлесі 0,8% болса, 6,7%-і жауап беруге қиналған.

Азаптаудың себептері мен оның алдын алу*

Азаптауға жол ашатын негізгі себептерге келгенде респонденттердің ең көп айтқан жауабы жемқорлық (41,2%) болып, бұл фактордың қоғамда маңызы зор екені көрінді. Екінші орында басшылық пен бақылау органдары тарапынан бақылаудың әлсіздігі және салғырттығы тұр (27,2%). Одан кейінгі жауаптар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі төмен болуы (24,7%), бас бостандығын шектеу орындарындағы азаматтардың жеткілікті қорғалмауы (22,2%) және кінәлілердің жазасыз қалуы (20%) деген ретпен орналасты.

Сауалнамаға қатысқандардың едәуір бөлігі мәселені құқық қорғау жүйесінің қылмысты мойындатуға бағытталуымен (19,3%), сотталушыларды қорғайтын адвокаттардың әлсіздігімен (15,1%) және азаптауға қатысты шағымдарды дұрыс зерттемеумен (12,6%) байланыстырған.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің психологиялық тұрақсыздығы (9,6%) және басқа да себептер (8,6%) сирек айтылған. Респонденттердің 9,2%-і жауап беруге қиналған.

Зерттеу нәтижесінде алынған деректер халықтың азаптау мәселесін жекелеген қызметкерлердің мінез-құлқымен емес, ең алдымен жүйелі институционал факторлармен байланыстыруға бейім екенін көрсетті.

Азаптаудан қорғанудың мейлінше тиімді шаралары туралы сұраққа келгенде респонденттер ең алдымен азаматтар ұсталған жағдайда құқығын білуі үшін құқықтық сауатты көтеру (48,9%) және сұрауға алуды міндетті түрде видеоға жазу және бірден адвокатқа қол жеткізу мүмкіндігі (47,3%) деген жауапты таңдаған.

Азаптаудан қорғануға көмектесетін шаралар қатарында қоғамдық және тәуелсіз бақылауды күшейту (25,8%), прокурор мен сот бақылауын күшейту (25,7%) деген нұсқалар да айтылды.

Сауалнамаға қатысушылардың 22,3%-і тәуелсіз зерттеу және азаптауға жол беруге бұлтартпас жаза қолдану деген нұсқаны таңдаса, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындығын арттыру деген жауапты 20,5%-і көрсеткен.

*Бұл сұрақтарда үш нұсқаға дейін таңдау мүмкіндігі болды.

Азаматтардың қорғалуы мен азаптауға жол бермеуді бағалау

Азаматтардың азаптаудан қаншалықты қорғалғанын бағалауға келгенде жағымсыз жауаптардың үлесі 44,6% болды. Соның ішінде респонденттердің үштен біріне жуығы (32%) азаматтар мүлдем қорғалмаған және азаптау қаупі жоғары деп санайды. Тағы 12,6%-і азаматтар қорғалмаған сияқты деген пікірде.

Сауалнамаға қатысқандардың 28,9%-і бейтарап жауап берген, олар азаматтардың қорғалу және қорғалмау деңгейі бірдей деп санайды.

Сауалнамаға жауап бергендердің 19,9%-і оң жауап берген – 10,6%-і азаматтар азаптаудан қорғалған шығар десе, 9,3%-і толық қорғалған деп ойлайды. 6,6%-і жауап беруге қиналған.

Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (64,1%) ешқандай жағдайда азаптауды ақтауға болмайды деген көзқарасты ұстанады. Респонденттердің 44,3%-і бұл тұжырыммен толықтай келіссе, 19,8%-і келісемін деуге болады деп жауап берген.

Респонденттердің 13,3%-і бұл тұжырыммен келіспейтін шығармын десе, 15,4%-і мүлдем келіспеймін деген. Тағы 7,2%-і жауап беруге қиналған.

Жауап нәтижелері қоғамда гуманистік көзқарас пен құқық қорғау бағытындағы ұстаным басым екенін көрсетіп отыр, десе де, халықтың үштен біріне жуығы бұл мәселені басқаша бағалайды.

Сауалнамаға қатысушылар азаптауға қарсы әрекет етуге тиіс институттарға деген сенім туралы сұраққа да жауап берді.

Құқық қорғаушыларға деген сенім деңгейі мейлінше жоғары – респонденттердің 43%-і соларға сенеді деуге болады, ал 24,2%-і сенбейді.

Омбудсменге (Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл) сенетіндердің үлесі 31,2% болса, сенбейтіндер – 22,9%. Тағы 45,9%-і жауап беруге қиналған.

Ұлттық алдын алу тетігіне азаматтардың 26,6%-і сенім артса, 21,9%-і сенбейді. Алайда респонденттердің жартысынан астамы (51,5%) аталған институттың қызметін бағалай алмауы халықтың бұл құрылымның жұмысынан хабары жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Мемлекеттік құқық қорғау институттарына деген сенім аса мәз емес. Респонденттердің 40,5%-і полицияға сенбейтін сияқтымын десе, 27,9%-і ғана сенетінін айтқан. Прокуратураға сенбейтіндердің үлесі 32,4% болса, сенетіндер – 28,1%. Соттарға сенбейтіндер 34,8% болса, сенетіндердің үлесі 32,5%.

Негізгі түйін

Сауалнама Қазақстан халқы азаптау мәселесін маңызды әрі өзекті деп санайтынын көрсетіп отыр. Азаматтардың көпшілігі азаптауға қылмыстық жаза бар екенін біледі және ешқандай жағдайда азаптауға жол беруге болмайды деген көзқарасты ұстанады.

Сонымен қатар, зерттеу нәтижесі қоғамда азаматтардың азаптаудан қорғалуына қатысты күмән бар екенін көрсетіп отыр. Халық азаптауға алып келетін кең тараған себептер қатарында жемқорлық, қадағалау органдары тарапынан бақылаудың әлсіздігі және кінәлілердің жазасыз қалуын атады.

Азаптауға қарсы мейлінше тиімді шараларға келгенде азаматтар халықтың құқықтық сауатын көтеру, процессуалдық әрекеттерді міндетті түрде видеоға жазу, адвокатқа қол жеткізуді қамтамасыз ету және тәуелсіз бақылауды күшейту деген жауаптарды атады.

Мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейі қалыпты немесе төмен болса, құқық қорғау ұйымдарына деген сенім мейлінше жоғары. Омбудсмен мен Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін бағалауға қиналғандардың көп болуы бұл қызметтер туралы халыққа ақпарат жеткізу және олардың жұмыс нәтижесін бейімдеп ұсыну қажеттігін көрсетеді.

Сауалнаманы Ұлыбританиядағы Сигрид Раузинг Траст (SRT) қоры қаржыландыратын Қазақстандағы азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы аясында MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро бірлесе отырып жүргізді. Бұл екі ұйым да аталған коалицияға кіреді. Зерттеу жүргізуге Ұлыбританиядағы Sigrid Rausing Trust (SRT) қоры қаржылай қолдау көрсетті. Осы зерттеу материалдары мен деректерін пайдалану, пікір алу, көшіріп басу кезінде MediaNet Халықаралық журналистика орталығына, Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроға, Қазақстандағы азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясына сілтеме жасау міндетті. _______________________________________________________________________
Background Main Image

Қазақстанда қамаудағы және бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарға қатысты азаптаулар мен қатыгездік қабылдауы

Жалғасын көру

Жынысы мен Жасы

Жынысы

icon
47.4%
Ерлер
icon
52.6%
Әйелдер

Жасы

18-29
22.9%
30-39
23.4%
40-49
18.5%
50-59
15.8%
60+
19.5%

Тұрғылықты жері және қалаған тілі

Тұрғылықты жері

69.4%
Қала
30.4%
Ауыл
0.2%
Бас тарту

Таңдаулы тіл

icon
52.9%
Қазақ тілі
icon
47.1%
Русский

Ұлты

Тұрғылықты жері

Қамауда отырған адамдарға және бостандық жоқ жерлерге қатысты азаптау мәселесі Қазақстан үшін қаншалықты өзекті?

Қазақстанда қамауда отырған және бостандығы жоқ жерлердегі адамдарға қатысты азаптау немесе қатыгездікпен қарау жағдайлары сізге белгілі ме?

Ауырлататын салдарсыз азаптау үшін заңда көзделген жаза - 21 625 000 теңгеден басталатын айыппұлдан ауытқиды. 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Сіздің ойыңызша мұндай жаза:

Барабар
51.7%
Жеткіліксіз
15.2%
Шамадан тыс
18.7%
Жауап беру қиын
14.4%

Қазақстанда азаптауды қолдану қылмыстық жаза болып табылатынын сіздер білесіздер ме?

70% Иә
27.4% Жоқ
2.6% Жауап беру қиын

Азаптау құрбанына келтірілген зиянды өтеу үшін кім қаржылық жауапкершілікке тартылуы керек?

Қазақстанда азаптауды қолданудың негізгі себептерін атаңыз

Қазақстанның қатардағы азаматтары азаптаудан қаншалықты қорғалғанын немесе қорғалмағанын бағалаңыз?

Қазақстандағы азаптаудан қорғаудың ең тиімді шараларын атаңыз

Сіз "азаптауды ешқандай жағдайда ақтауға болмайды" деген тұжырыммен келісесіз бе немесе келіспейсіз бе?»

Толық келісемін
44.3%
Керісінше келісемін
19.8%
Керісінше келіспеймін
13.3%
Мен мүлдем келіспеймін
15.4%
Жауап беру қиын
7.2%

Азаптауға қарсы келесі институттарға қаншалықты сенесіз?

ҚР прокуратурасы
32.4%
28.1%
39.5%
ҚР полициясы
40.5%
27.9%
31.6%
Соттар
34.8%
32.5%
32.7%
Ұлттық алдын алу тетігі-Бостандық орындарының тәуелсіз қоғамдық мониторингі
21.9%
26.6%
51.5%
Омбудсмен-Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл
22.9%
31.2%
45.9%
Құқық қорғаушылар
24.2%
43%
32.8%