Талдықорған қаласының соты қаңтар айында азаптаудан зардап шеккен Азамат Батырбаевты төрт жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бұл туралы «Азаттыққа» оның әпкесі Гүлмира Сейдахметқызы хабарлады.
Бұған дейін, 20 маусымда, Батырбаевтың адвокаты Бауыржан Азанов «Азаттыққа» қорғауындағы азаматтың процестік келісімге қол қойып, кінәсін мойындағанын айтқан. Ол жаппай тәртіпсіздік туралы қылмыстық іс бойынша күдікті болған.
Алматы облысының тұрғыны Азамат Батырбаев Қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталғандардың құқықтары бұзылғанын көрсететін оқиғалардың бірінің символына айналды: оның денесіндегі азаптау іздері көрінген суреттер әлеуметтік желілерге кең тарады. Батырбаев қаңтар айында Талдықорғандағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен ұсталды. Кейін оны азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, наурызда азаптауға күдікті адам ұсталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында бұл жағдайдан жақсы хабардар екенін айтып, мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтынын мәлімдеді. Батырбаевтың адвокаты Бауыржан Азанов қылмыстық істі тергеу барысында көптеген заңбұзушылық болғанын бірнеше рет айтқан.
ДЕРЕККӨЗ:
Интернет-басылым Vласть

