Жарияланымдар

Алматы полициясының үстінен түскен азаптау туралы шағым Алматы полициясына жолданды: сарапшылар не дейді?

3 мин чтения

Қазақстанда азаптау туралы арыздарды қарау тәртібіне қатысты сұрақтар туындады: Бас прокуратураға жолданған осындай өтініштердің бірі Алматы полиция департаментіне берілген. Ал жәбірленуші дәл осы департамент қызметкерінің әрекетіне шағымданған. ҚазТАГ редакциясы азаптау құрбандарының құқықтарын қорғауға арналған дөңгелек үстелде бұл жағдайды сарапшылармен талқылады. Олардың пікірінше, мұндай хабарламаларды тергеу кезінде тексерудің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, мүдделер қақтығысына жол бермеу қажет. Бұдан кейінгі іс-қимыл тәртібі арыздың қай бап бойынша тіркелгеніне байланысты.

«Бізде құқық қорғау органы қызметкерінің кез келген әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға болады. Қылмыстық-процестік кодекстің 105-бабы бойынша жауапты прокуратураға шағымдауға құқылымыз. Сонымен қатар ҚПК-нің 106-бабы тәртібімен сотқа жүгінуге болады», – деді адвокат Айжан Дарибаева.

Адвокаттың айтуынша, тәжірибесінде ол көбіне прокуратура арқылы шағымдану тетігін пайдаланады. Мұндай шағымдарды сотта қарау ҚПК-нің 106 және 107-баптары бойынша екі сатыда өтеді. Дарибаева прокуратураға жүгіну іс мән-жайын қосымша тексеруге мүмкіндік береді деп санайды.

Адвокат мәселе құқықтық тетіктердің жоқтығында емес, олардың қалай қолданылатынында екенін атап өтті. Оның айтуынша, шағым кейде арызда қызметкерлері аталған органның өзіне жолданады.

«Заң бұзған орган өз іс-әрекетін өзі әшкерелемейді», – деді Дарибаева.

Ол мұндай жағдайларды адами фактормен, қызметкерлердің біліктілігінің жеткіліксіздігімен, жұмыс жүктемесінің көптігімен немесе кадрлық өзгерістермен байланыстырады. Өз тәжірибесінде прокуратура алдымен шағымды қараудан бас тартып, кейін жеке жүгіну мен қосымша түсіндіруден соң мәселені қайта қарауға келіскен жағдайларға тап болған.

Дарибаеваның айтуынша, өтінішті қарайтын қызметкер оның мән-жайына үңілмей, құжаттарды формалды түрде басқа органға жолдаса, заңда көзделген тетіктер тиісті деңгейде жұмыс істемейді.

Адвокат мұндай жайттардың алдын алу үшін азаматтардың өтініштерін қарайтын қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту керек деп есептейді. Атап айтқанда, шағымдарды негізсіз басқа органға жолдағаны үшін жұмыстан босатуға дейінгі қатаң жаза қарастыруды ұсынады.

«Талдықорған құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Виктор Тен де азаптау туралы арыздарды корпоративтік ауызбіршілікке жол бермейтін тәуелсіз орган тергеуі қажет деп санайды.

«Азаптауды тергейтін орган тәуелсіз болуы керек, сонда тергеу кезінде корпоративтік ауызбіршілік болмайды», – деді Тен.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда алдымен арыздың Қылмыстық кодекстің 146-бабының қай бөлігімен тіркелгенін анықтау керек.

«Егер оны 146-баптың 2-бөлігі, яғни азаптау бойынша тіркесе, бұл істі тергеу Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің құзыретіне жатады. Ол дәл төртінші қызметтің қарауында қалуға тиіс еді. Басқа ешқайда берілмеуі керек», – деп түсіндірді құқық қорғаушы.

Ал егер арыз қатыгез қарым-қатынас үшін жауапкершілікті көздейтін 146-баптың 1-бөлігімен тіркелсе, тергеу ішкі істер органдарының құзыретіне кіреді. Дегенмен Теннің пікірінше, шағымды онда аталған қызметкерлер жұмыс істейтін бөлімшеге беру мүдделер қақтығысына әкелуі мүмкін.

«Мұнда мүдделер қақтығысы туындайды. Сіз шағымды сол органның өзіне бересіз. Онда тергеудің тәуелсіздігі қайда?» – деді ол.

Тен мұндай жағдайда арыздың Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) енгізілгенін және нақты қай бөлік бойынша тіркелгенін анықтау қажет деп санайды. Егер шағым 146-баптың 2-бөлігімен тіркелсе, материалдарды беру туралы шешімге шағымдану керек. Ал 1-бөлік бойынша сараланған болса, құқық қорғаушы оны азаптау ретінде қайта саралауға және тергеуді Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметіне беруге қол жеткізуді ұсынады.

ДЕРЕККӨЗ:
ҚазТАГ – Алтын Смағұлова
https://kaztag.kz/ru/news/zhalobu-na-pytki-so-storony-politsii-almaty-napravili-v-politsiyu-almaty-chto-govoryat-eksperty

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы