Жетісу облысы прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылғы 18 наурызда Талдықорған соты Қаңтар оқиғалары кезінде азаптау фактілері бойынша (ҚК-нің 146-бабы) бұрынғы төрт полиция қызметкеріне үкім шығарды.
«Жетісу облысының арнайы прокурорлары қылмыстық істі тергеді. Мемлекеттік айыптаушылар 2022 жылғы 5–16 қаңтар аралығында кінәлі адамдар Алматы облысының Полиция департаменті ғимаратында физикалық зорлық-зомбылықпен қатар жүретін тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолданғанын дәлелдеді», – делінген хабарламада.
Прокуратураның хабарлауынша, заңсыз әрекеттер салдарынан жеті жәбірленуші әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған.
«Сот үкімімен үш айыпталушы төрт жылдан алты жылға дейінгі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, бір адамға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалды. Бұдан бөлек, сот оларды арнайы атақтарынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды», – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

