Жарияланымдар

Алматы полиция ғимаратындағы азаптау: Бас прокуратура оқиғаға түсініктеме берді

2 мин чтения

CMN.KZ тілшісі құқықтық статистика органдарының ресми сайтынан Алматының Түрксіб аудандық полиция басқармасы ғимаратындағы қызметтік кабинеттердің бірінде азаптау фактісі бойынша тіркелген қылмысты анықтады. Бас прокуратура бұл оқиғаға түсініктеме берді.

Сайттағы мәліметке сәйкес, 12 наурызда Рихард Зорге көшесіндегі №14 үйде адамдар тобы жасаған азаптау фактісі бойынша қылмыс тіркелген. Картаға қарағанда, бұл ғимаратта Алматы қаласының Түрксіб аудандық полиция басқармасы орналасқан. Оқиғаның қызметтік кабинетте болғаны назар аударарлық.

«18 наурызда Алматы қаласының Түрксіб аудандық прокуратурасы «К» азаматын азаптау фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 146-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы — «Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған азаптау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қылмыстық іс аясында қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр», — деп түсіндірді ведомство.

Алайда ведомство күдіктілерге қатысты қандай шаралар қабылданғанын, олардың қай бөлімшеде қызмет ететінін және қазір жұмысын жалғастырып жатқан-жатпағанын айтпады. Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы бапқа сілтеме жасады.

Бұған дейін CMN.KZ тілшісі құқықтық статистика органдарының ресми сайтынан Алматы қаласының Полиция департаменті ғимаратында жасалған қылмыстар туралы ақпарат тапқан. Атап айтқанда, 17 ақпанда мегаполис Полиция департаментінің қызметтік кабинеттерінің бірінде адамдар тобы жасаған азаптау фактісі бойынша іс тіркелген.

ДЕРЕККӨЗ:

Интернет-басылым Central  Media News

https://cmn.kz/pytki-v-zdanii-policzii-v-almaty-v-genprokurature-prokommentirovali-inczident/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы