23 қазанда Атырау тергеу изоляторында жанжал болып, қамауда отырған адамдар өздеріне зиян келтіруге әрекеттенді. Мекеме әкімшілігі жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болды.
«Ақ Жайық» дереккөздерінің мәліметінше, тұтқындар карантин блогындағы адамдарды басқа жерге ауыстыруды талап еткен. Талаптары орындалмағаннан кейін кейбірі өздерін кесіп, өзге де жарақаттар сала бастаған. Асылуға әрекеттену жағдайлары туралы да хабарланған.
Атырау облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оқиға болғанын растады. Ведомствоның нақтылауынша, оған ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деп айыпталған бес адам қатысқан. Ведомство нұсқасы бойынша, олар ұстау режиміне наразылық білдіріп, бейнебақылау камераларын жауып, өздеріне дене жарақатын салуға әрекеттенген.
Нәтижесінде өз-өздеріне жеңіл жарақаттар салу жағдайлары тіркелді. Келген медицина қызметкерлері қажетті көмек көрсетті, алайда ҚАЖД мәлімдеуінше, ешкімді ауруханаға жатқызу қажет болмаған. Қатысушылардың барлығының жағдайы тұрақты.
Осылайша, бұған дейін редакцияға үш тұтқынның ауруханаға жеткізілгені туралы түскен ақпарат расталмады.
Топ болып бағынбауды ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. ҚАЖД қазір тергеу изоляторындағы ахуал тұрақты екенін және мекеме қалыпты тәртіпте жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
ДЕРЕККӨЗ:
«Ақ-Жайық» басылымының сайты

