Елорда сотында бұрын-соңды болмаған іс қаралып жатыр. Айыпталушылар орындығында — Астана криминалдық полициясы басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары. Ол азаптады деп айыпталуда. Бүгін сотталушы Сәкен Сүлейменов сот залында бейнетүсірілім жүргізуге тыйым салуды сұрады. Судья өтінішті қанағаттандырды.
Сүлейменовке ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерінен азаптау арқылы мойындау жауабын алған деген айып тағылған. Айдын Алпысбаев елорда кәсіпкерлерінің біріне қастандық ұйымдастырды деген күдікке ілінген еді.
2015 жылғы наурызда ол 14 жылға сотталған. Арада бірнеше жыл өткенде бұл оқиғаның ойдан шығарылғаны, сараптама нәтижелерінің қолдан жасалғаны анықталған. Жалған қорытынды берген сарапшы жауапқа тартылған. Қастандық туралы хабарлаған кәсіпкер де жазалануы тиіс. Алайда ол прокуратурамен келісім жасасқандықтан, жазасы жеңіл болуы ықтимал.
Айдын Алпысбаевтың адвокаты Александр Бартеньев:
— Алғашқы күннен бастап бір жыл бойы Сүлейменов Айдын Алпысбаевтан осы кісі өлтіруге тапсырыс бергенін мойындатуға тырысты. Оған әлдекім кісі өлтіруді тапсырған, ол мұны орындауға әрекеттенген-мыс. Бірақ ол мойындау жауабын ала алмады. Себебі Алпысбаев ешкімді өлтірмеген, мұндай жағдай туралы тіпті білмеген.
ДЕРЕККӨЗ:
www.ktk.kz/ru/news/video/2017/03/07/76687

