Полицейлер кәсіпкерге жасалған тонау ісін тергеген. Шабуыл жасағандардың бірі қашып кеткен, ал қалған екеуі ұсталған. Үшінші сыбайласын айтқызу үшін тәртіп сақшылары ұсталғандардың бірін азаптай бастаған. Полицейлер оны ұрып, басына полиэтилен пакет кигізген. Жауап алу кезінде ол бірнеше рет есінен танған.
Сотта полицейлер кінәсін мойындамаған, алайда сот кінәсі толық дәлелденді деп тауып, әрқайсысын үш жылға бас бостандығынан айырған және үш жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырған. Полицейлер азаптаған қарақшы да қатаң режимдегі колонияда үш жылға сотталған. Бұл оның үшінші соттылығы еді.
Жуырда Риддер қалалық соты қоғамдық орында дәрет сындырмақ болған, кейін полицейлерді балағаттаған ер адамды ұрып-соққан екі полиция қызметкерінің ісін де қараған. Сот-медициналық сарапшылар оның денесінен резеңке таяқ соққысының 29 ізін тапқан. Сотта жәбірленуші кеңшілік танытып, полицейлерді түрмеге жібермеуді сұраған.
Ал полиция бөліміне жеткізілген ер адамды электр есеңгіреткішімен «тыныштандырған» Катонқарағай аудандық полиция бөлімінің қызметкері қызметінен айырылды.
ДЕРЕККӨЗ:
«Экспресс-К»
https://express-k.kz/news/sotsium/pytka_ne_popytka-103429

