Тараз соты Жамбыл облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бұрынғы басшысы Дидар Рахимбердиевті мүлкін тәркілей отырып, сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Ол әділет полковнигі атағынан және мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды. «Жамбыл облысының ҚАЖ департаментінің бұрынғы басшысына алдын ала тергеу органдары лауазымды тұлға бола тұра қызметтік өкілеттігін қызмет мүддесіне қарсы пайдаланып, қорқытып алу арқылы бірнеше рет қасақана ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген айып тақты», — деп хабарлайды Тараз қаласының №2 сотының баспасөз қызметі. Облыстық ҚАЖ департаментінің бұрынғы басшысы пара алғаны және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Онымен қатар сот алдында оның бұрынғы үш бағыныштысы — ЖД 158/2 мекемесі режим бөлімінің бұрынғы бастығы Бақтияр Сартаев, осы бөлімнің жедел уәкілдері Арман Аққожаев пен Бақтияр Әбдірайымов жауап берді. «Оларға алдын ала сөз байласқан адамдар тобында басшылықтың сотталғандарға қатысты көрінеу заңсыз нұсқауын орындап, зорлық, арнайы құралдар және ерекше қатыгездік қолданып, сотталғандардың денесінің әр жерінен кезек-кезек ұру арқылы моральдық-психологиялық әрі физикалық қысым көрсеткені үшін айып тағылды», — деді соттың баспасөз қызметі. Олар билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, бес жылдан алты жыл сегіз айға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ атақтарынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. ДЕРЕККӨЗ:
https://informburo.kz/novosti/eks-rukovoditel-departamenta-uis-zhambylskoy-oblasti-otpravitsya-za-reshyotku.html
Жамбыл облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бұрынғы басшысы түрмеге қамалады

