Қорғаушылар апелляциялық шағымда бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жоюды сұрайды. 12 қаңтарда Қостанай облыстық сотында ҚР ҚК-нің 146-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы («Азаптау») бойынша сотталған Қарабалық аудандық ІІБ қызметкерлерінің апелляциялық шағымы қаралады. Еске салайық, бұрынғы полицейлер сол жылдың көктемінде жәбірленушіден жазбаша арыз болмаған және дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелмеген жағдайда жас әйелдің бұрынғы оқиғаға қатысы бар-жоғын рұқсат етілмеген тәсілдермен тексергені үшін сотталған. Ұрлықты мойындату үшін Нұрлан Сәрсенбаев пен Арман Төлегенов әуелі емізулі ана болып шыққан әйелді балағаттап, кейін мойындамаса саусақтарын кесіп тастайтынын айтып қорқытқан. Әйел істемеген қылмысын мойындамаған. Сонда қызметкерлердің бірі оны шашынан тартып, еденге құлатып, денесінен аяқпен тепкен. Кейін шашынан тартып тұрғызып, оң қолын артына қайырып, оң құлағынан жұдырықпен ұрған және бетінен бірнеше рет шапалақтаған. Жәбірленуші заңсыз әрекеттерді тоқтатуды өтініп, емшек сүті тоқтап қалуы мүмкін екенін айтып жалбарынған. Сот үкімімен Сәрсенбаев пен Төлегенов қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сәрсенбаев жалпы режимдегі колонияда үш жарым жылға, Төлегенов үш жылға бас бостандығынан айырылды.
ДЕРЕККӨЗ:
http://tobolinfo.kz/news/people/1769221/

