

Қарағандыдағы тергеу изоляторында сотталған әйел жүкті болып қалған. Осы дерек бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Изолятор басшылығы мен басқа да жауапты лауазымды адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мекеме қызметкерлерінің біріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды Tengrinews.kz
«Изолятор қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың біріне қатысты сотталған әйелдің жүкті болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», — деді Қарағанды облыстық ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі.
Іс материалдары бойынша, сотталған әйел басқа бір тұтқыннан жүкті болған. Алайда денсаулығына байланысты жүктілікті тоқтатуға мәжбүр болған.
Еске салайық, 2016 жылы ЛА 155/18 мекемесінде жазасын өтеген Наталья Слекишинаның оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрт қызметкерін топ болып зорлады деп айыптаған. Кейін белгілі болғандай, атышулы мәлімдеме жасалған кезде екі қызметкер жұмысын жалғастырған, бірі зейнетке шыққан, тағы бірі өз еркімен жұмыстан кеткен. Қамауда отырған Слекишина қыз босанған. ДНҚ сараптамасы баланың әкесі бақылаушы Руслан Хакимов екенін анықтады.
Кейін Алматының Түрксіб аудандық сотының үкімімен ол тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Наталья Слекишинаның өзі «Қарақшылық» бабы бойынша сегіз жылға сотталған еді. Биыл ақпанда ол бостандыққа шықты. Іле аудандық соты Слекишинаға жазасын өтеуді бес жылға кейінге қалдырды. Бала тәрбиесіне байланысты ол ең ұзақ кейінге қалдыру мерзімін алды.
Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы
