Жедел мәлімет бойынша, төтенше оқиға Павлодардағы АП 162/2 арнайы мекемесінде болған. Сотталған адам биыл 4 мамырдан 5 мамырға қараған түні өлі күйінде табылған. Кейбір деректерге қарағанда, оқиға қарсаңында медициналық бөлімде жатқан бірнеше науқас аштық жариялаған. Олар прокурормен кездесуді және толыққанды емдеуді талап еткен. 4 мамырда наразылық білдірген сотталғандармен прокуратура өкілдері кездескені белгілі. Колония басшылығына жағдайды реттеу жөнінде нұсқау берілген. Алайда прокуратура қызметкерлері кеткен соң жанжал шыққан. Павлодар облысының прокуратурасы сотталған адамның қайтыс болғанын растады, бірақ оқиғаның мән-жайын әлі жариялаған жоқ. Айта кетейік, бұл — соңғы екі жылда Павлодардың арнайы мекемелеріндегі үшінші өлім жағдайы. Өткен жылғы ақпанда колонияның медициналық бөлімінде дзюдодан Қазақстан чемпионы Бақытжан Әбдікәрімов өлі табылған еді. Тексеру нәтижесінде марқұм жазасын өтеген АП 162/3 колониясының бастығы теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Кейін спортшыны азаптады деген күдікпен колонияның екі қызметкері қамауға алынды. Өткен жылғы маусымда 162/3 мекемесінде жазасын өтеген 28 жастағы Саин Мұратбеков көз жұмды. Тергеу кезінде оның өлер алдында қатты соққыға жығылғаны анықталды. Мұратбековті азаптау ісі бойынша колонияның үш қызметкері ұсталды.
ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/events/osujdennyiy-skonchalsya-v-kolonii-pavlodara-317465/

