Бүгін Еуропада орналасқан құқық қорғау ұйымдарын қоса алғанда, бірнеше қоғамдық ұйым Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның адами өлшем жөніндегі конференциясында Орталық Азия үкіметтерін ұсталғандар мен сотталғандарды азаптау және оларға қатыгездік көрсету тәжірибесін тоқтатуға шақырды. «Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы азаптауға қарсы коалиция», Францияда орналасқан «Адам құқықтары үшін қауымдастық», Австриядағы «Түрікменстанның адам құқықтары жөніндегі бастамасы» және «Адам құқықтары үшін халықаралық әріптестік» аймақ үкіметтерін азаптауға қарсы дереу шара қолданып, кінәлілерді жазалауға және жәбірленушілерге әділ әрі барабар өтемақы төлеуге шақырды. Құқық қорғау ұйымдарының үндеуінде Қазақстан Бас прокуратурасы биыл ақпанда азаптау туралы барлық шағымды тәуелсіз тергеу тетігін қарастыратын «Азаптаусыз қоғамға» бағдарламасын ұсынғаны айтылған. Соған қарамастан, азаптау елдегі елеулі мәселе болып отыр. Егер өткен жылдың барлығында азаматтық белсенділер азаптаудың 163 жаңа дерегін тіркесе, биылғы жеті айда мұндай 111 дерек тіркелген. Сонымен бірге құқық қорғау органдары азаптау туралы арыздарды тіркеуден жалтару тәжірибесін қолданады: жәбірленушілерге шағымдары расталмаса, өздерін қылмыстық жауапқа тартатынын ескертеді. Орталық Азияның басқа елдерінде де азаптау құрбандарының арыздары жан-жақты, бейтарап әрі тәуелсіз тексерілмей отыр. Шағым расталған күннің өзінде жәбірленушілер немесе олардың отбасылары өтемақыны өте сирек алады. ДЕРЕККӨЗ:
https://rus.azattyq.org/a/28744229.html

