Алматы облысының Заречный кентіндегі 155/12 мекемесі бастығының орынбасары Әлихан Молдыбаевтың аты тағы аталды. Ол кемінде бір қылмыстық істің фигуранты. 26 қазанда Алматыдағы Адам құқықтары бюросының кеңсесіне 155/12 мекемесі бастығының орынбасары Әлихан Молдыбаев азаптады деп мәлімдеген сотталған Руслан Машуровтың әйелі жүгінді. Бұл екеуі туралы аталған мекемедегі сотталғандарға жасалатын қатыгездік жөніндегі бұрынғы материалымызда жазғанбыз (қараңыз: «Жақсылық пен жамандық түсініктері бойынша»). Әйелдің айтуынша, «Азаптау» бабы бойынша қозғалған кемінде бір істің фигуранты Молдыбаев оның отбасына қоңырау шалып, Руслан Машуровты арызын қайтарып алуға көндіруді талап еткен. Машуровтың әйелі бізге белгісіз адаммен сөйлескен жазбасын берді. Әлгі адам оған күйеуіне ықпал етуді табанды түрде ұсынған. Әйелдің айтуынша, сол адам Машуровтың анасына да телефон шалған.
— Олар маған да қоңырау шалды. Әңгімеміздің жазбасы бар. Олардың мен арқылы күйеуіме ықпал етіп, арызын қайтарып алғызуын Әлихан Молдыбаев сұрап отырғанын білемін. Кеше кешке белгісіз адамдар Русланның анасына телефон шалды. Қорқытып, ұлы арызын қайтарып алмаса, бостандыққа шықпайтынын айтты. Судья да, прокурор да — бәрі Молдыбаевтың достары деді. Русланға да «арызыңды қайтарып алмасаң, түрмеден шығуыңа қандай жолмен болса да кедергі жасаймын» деп қоқан-лоқы көрсетіп жүр, — дейді Машуровтың әйелі.


