НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ — Қазақстан түрмелерінің 80 пайызы ескірген. Бұл туралы «Ашық диалог — пенитенциарлық жүйені реформалау құралы» форумында сөз сөйлеген ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда реформалар негізінен заңнама саласында жүргізіліп жатыр. Марат Ахметжанов қылмыстық заңнаманы ізгілендіргенімен, түрмелердегі тәртіп пен ұстау жағдайларын әлі де жақсарту қажеттігін атап өтті. «2018 жылы түзеу мекемелерінде жаза өтеп жатқандар саны бес мың адамға азайды. Алайда елдегі қылмыс деңгейі небәрі 7 пайызға төмендеді. Біздегі қамаудағыларды ұстау жағдайы мінсіз деп айта алмаймыз. Бас прокуратураға және қоғамдық ұйымдарға көптеген шағым түсіп жатыр. Әсіресе колония қызметкерлерінің рұқсат етілмеген жұмыс тәсілдерін қолдануы туралы шағымдар көп. Бұл мәселелерді қадағалайтын прокурорлардың жұмысында да кемшіліктер бар. Жағдайды Қазақстан түрмелерінің 80 пайызы ескіргені күрделендіреді», — деді Бас прокурордың орынбасары. Ол сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. «Қылмыстық-атқару кодексін жетілдіру керек. Түрме әкімшілігі мен қамаудағылардың қатынастарын Ішкі істер министрлігінің актілері реттейді. Түрме бастықтарына тым үлкен өкілеттік берілген», — деп қосты Марат Ахметжанов. ДЕРЕККӨЗ: https://www.inform.kz/ru/slishkom-bol-shie-polnomochiya-nachal-nikov-tyurem-otmechayut-v-genprokurature-rk_a3531838

