Жарияланымдар

Батыс Қазақстан облысында азаптауды тергеу және құжаттау жөніндегі семинар басталды

2 мин чтения

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасында Арнайы прокурорлар басқармасының бастамасымен «Азаптауды және қатыгез қарым-қатынас пен жазалаудың өзге де түрлерін тиімді тергеу және құжаттау қағидаттары. Ыстанбұл хаттамасы» тақырыбында семинар басталды.

Өңірлік деңгейде алғаш рет өтіп отырған семинар Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы алаңында ұйымдастырылды. Оны Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы және Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы неміс қоғамдық қауымдастығы өкілдігі қолдады.

Іс-шараның мақсаты — Ыстанбұл хаттамасының ұсынымдарын пайдалана отырып, азаптау фактілерін сапалы тергеу және медициналық тұрғыдан құжаттау әдістері мен дағдыларын үйрету.

Оқытуға Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының, халықаралық ұйымдардың өкілдері, тәжірибелі отандық сарапшылар мен тәуелсіз заңгерлер тартылған.

Тыңдаушылар қатарында прокуратура қызметкерлері, тергеушілер, сот-медициналық сарапшылар, психиатрлар мен психологтар, денсаулық сақтау басқармасының медицина қызметкерлері, Батыс Қазақстан облысы полициясы мен қылмыстық-атқару жүйесінің медициналық қызметтері, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бар.

Бұдан бөлек, дене жарақаттарын тіркеуге жауапты уақытша ұстау изоляторлары мен аудандық ауруханалардың медицина қызметкерлері аудандық прокуратураларға шақырылды. Олар бейнеконференция арқылы қатысады.

Облыс прокуроры Сапарбек Айтуұлы Нұрпейісов азаптаудың алдын алу және оны тиімді тергеудің заманауи стандарттарын қамтитын оқытудың маңызын атап өтті.

Тренингте тергеудің халықаралық стандарттары, қылмыстық процесте мамандардың өзара іс-қимылы қағидаттары түсіндіріліп, тәжірибеде туындайтын проблемалық мәселелер талқыланды.

Іс-шараны ашқан облыс прокуроры академия мен Фридрих Эберт қорының өкілдеріне, сарапшыларға алғыс айтып, тыңдаушыларды белсенді әрі нәтижелі жұмысқа шақырды.

ДЕРЕККӨЗ:
http://bko.prokuror.kz/rus/novosti/press-releasy/press-reliz-seminara-na-temu-principy-effektivnogo-rassledovaniya-i

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы