Жарияланымдар

Жамбыл облысы полициясының қызметін ведомствоаралық комиссия тексереді

2 мин чтения
ДВД Жамбылской области

14 желтоқсанда бас прокурор Жақып Асанов 18 арыз иесін, соның ішінде өзін өртеген Майра Рысманованың әпкесі Дания Рысманованы қабылдады, деп хабарлады Today.kz қадағалау органының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бас прокурор әпкесінен айырылған Дания Рысмановаға көңіл айтып, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға отбасына көмектесуге уәде берді. Сондай-ақ Жамбыл облысы полициясының жұмысын тексеру үшін ведомствоаралық комиссия құрылатынын айтты.

Майра Рысманованың ұлы Ербол Ахметовтің сотталуымен келіспейтіні жөніндегі өтініші Бас прокуратураға 2016 жылғы 28 қарашада түскен. Оның уәждерін тексеру үшін соттан қылмыстық іс сұратылған. Анықталғандай, Шу аудандық соты 2015 жылғы 15 маусымда Е. Ахметовті есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз сақтағаны үшін 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Жамбыл облыстық сотының апелляциялық алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырған. Үкімге Жоғарғы сотта шағым жасалмаған.

Рысманованың ұлы заңсыз сотталды деген уәждері облыс полицейлеріне қатысты қозғалған тағы жеті қылмыстық істі тергеу аясында тексеріліп жатқанын атап өткен жөн.

Тергеу нәтижесінде Ахметовті ұрып, оған зиян келтірді деп айыпталған облыстық ІІД қызметкері Жидешев Тараз сотының үкімімен сотталған, алайда үкім әлі заңды күшіне енбеген. Апелляциялық қарау 20 желтоқсанға белгіленген.

Жамбыл облысы тұрғындарының өңір полициясы қызметкерлеріне шағымдары көбейгендіктен, бас прокурордың тапсырмасымен облысқа барып, нақты қылмыстық істер бойынша қабылданған шешімдерді тексеретін ведомствоаралық топ құрылады. Оны бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев басқарады.

Бас прокуратура сот талқылауы мен ведомствоаралық топ жұмысының нәтижелері бойынша толық ақпарат берілетінін хабарлады.

Еске салайық, 6 желтоқсанда Жамбыл облысының тұрғыны Майра Рысманова Қазақстан Бас прокуратурасының бақылау-өткізу пунктінде өзін өртеген. Оны жедел жәрдем көлігі №1 қалалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізген. Дәрігерлер жағдайын ауыр деп бағалаған. Кейін Рысманова алған жарақаттарынан қайтыс болды.

ДЕРЕККӨЗ:
http://today.kz/news/proisshestviya/2016-12-14/731853-deyatelnost-dvd-zhambyilskoj-oblasti-proverit-mezhvedomstvennaya-komissiya/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы