Жарияланымдар

Алматы прокуратурасы трансгендер адамның азаптау туралы шағымын тексерді

2 мин чтения

Алматы прокуратурасы трансгендер қыз Виктория Беркходжаеваның азаптау туралы шағымын тексерді, деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі.

«1990 жылғы 10 шілдеде туған сотталушы Беркходжаев Кәрімжан Уәлижанұлының (сотталушының құжаттағы есімі — автор ескертпесі) өтініші бойынша қызметкерлеріміз жедел іс-шаралар жүргізіп, азаптау фактілерінің болған-болмағанын тексерді. Бірақ оның айтқандары расталмады», — деп мәлімдеді Алматы прокуратурасының баспасөз қызметі Tengrinews.kz сауалына.

Бұған дейін Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотындағы отырыстардың бірінде Беркходжаева азаптауға ұшырағанын айтқан. Құқық қорғаушы Ардақ Жаңабілованың сөзінше, сотталушы тергеуші мен айдауыл қызметінің кейбір қызметкерлері психологиялық қысым көрсетіп, қорлағанын сотта мәлімдеген. Судья Қасым Қалмағамбетовтің тапсырмасымен бұл мәлімдемелер тексеріле бастаған.

Кейін Беркходжаеваның адвокатының өтініші бойынша азаптау туралы шағымды прокуратура тексеріп болғанға дейін негізгі сот талқылауы тоқтатылған.

Беркходжаеваға бопсалау жөнінде оның трансгендер құрбысы шағым түсірген. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы жынысын ауыстыруға қатысты тағы бір операция жасатпақ болғандықтан, құрбысынан 33 мың АҚШ долларын талап еткен. Құрбысы бұл ақшаны ортақ танысынан алуы тиіс болған. Тергеу сотталушы тарапынан қоқан-лоқы жасалған деп есептейді. Құрбысында мұндай қаражат болмағандықтан, ол құқық қорғау органдарына жүгінген. Тамызда Беркходжаева қылмыс үстінде ұсталған.

Сот отырысы жабық өтіп жатыр.

Құжаттарында әлі де ер жынысы көрсетілгендіктен, сырт келбеті әйелге ұқсағанымен, сотталушыға ерлер колониясында 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнген. Сотта оған ер жынысты грамматикалық формада жүгінетіні де хабарланды.

ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/crime/prokuratura-almatyi-provela-rassledovanie-jalobe-313476/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы