60 жастағы Анатолий Лысенконың сөзінше, полицейлер оны медициналық куәландырудан өткізбестен айықтырғышқа апарып, ұрып-соғып, 27 мың теңгесін алып қойған.
«Бұл 2 сәуірдің кешінде болды, — дейді Анатолий Лысенко. — Шалшықтан секіріп өтпек болғанда аяғым тайып, отыра кеттім. Сол кезде маған патрульдік полицейлер келді, арасында офицер де болды. Олар мені мас деп ойлап, көлікке отырғызып, наркологиялық диспансерге жеткізді. Мен сау едім. Оның үстіне, мүлде ішімдік ішпеймін, тіпті темекі де шекпеймін».
Зардап шеккен адамның айтуынша, диспансерде оны медициналық тексеруден өткізбестен іш киіміне дейін шешіндіріп, бір бөлмеге қамап қойған.
«Айғайлай бастағанымда кезекші дәрігер мен полицей кірді. Қолымды арқама қайырып байлады. Екі қолымның білегі ісіп кетті, әлі де ауырады. Маңдайымда да сызат бар», — дейді ол.
Анатолий Лысенконы түн ортасына таяу ғана босатқан. Киімдері мен телефонын қайтарған. Бірақ ол «102» нөміріне қоңырау шалмақ болғанда, телефонды қолынан қағып түсірген.
«Шалбарым мен күртемнің қалталары ақтарылыпты. Өзіммен бірге 27 мың теңге және ұсталғанға дейін сатып алған азық-түлік салынған пакет болған. Ақшамды да, азық-түлікті де қайтармастан диспансерден шығарып жіберді», — деп еске алады ол.
Ертеңіне Лысенко полиция қызметкерлерінің әрекеттері туралы өзіндік қауіпсіздік басқармасына арыз жазып, қалалық прокуратура мен Адам құқықтарын қорғау бюросына да жүгінген.
Батыс Қазақстан облыстық ІІД-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы Жасталап Сағадетов Лысенконың арызы қабылданғанын және тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
«Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы және 188-бабының 1-бөлігі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды», — деді Сағадетов.
ДЕРЕККӨЗ:
Екатерина ЛИТВЯКОВА, «Уральская неделя» газеті
http://www.uralskweek.kz/2017/04/10/izbityj-policejskimi-v-uralske-muzhchina-dobilsya-vozbuzhdeniya-ugolovnogo-dela/

