Жарияланымдар

Банк жанындағы қарақшылыққа айыпталғандар азаптау туралы шағымданды

2 мин чтения

Алматыда «Алатау» бизнес орталығы жанында банк клиенттеріне жасалған қарақшылық шабуыл туралы іс бойынша сот өндірісі тоқтатылды. Бұған айыпталушылардың полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері жөніндегі шағымдары себеп болғанын Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға 2016 жылғы 31 қазанда ВТБ мен Сбербанк кеңселері орналасқан «Алатау Гранд» бизнес орталығы маңында болған. Оқ атыс қаруымен қаруланған екі адам қаржы ұйымынан шығып келе жатқан клиенттер тобына тонау мақсатында шабуыл жасаған. Екі адам зардап шегіп, олардың бірі миы шайқалып, басынан жарақат алған күйде ауруханаға жеткізілген.

Қарулы шабуылға қатысты 1981 және 1987 жылы туған екі азамат ұсталып, оларға ҚР ҚК-нің 192-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Қарақшылық») және 287-бабының 4-бөлігі («Қаруды заңсыз иемдену және алып жүру») бойынша айып тағылған.

«Сот талқылауы барысында сотталушылар Алматының Бостандық аудандық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолданғаны, атап айтқанда оларды ұрып-соққаны туралы арыз берді. Осыған байланысты сот қаулы шығарып, айыпталушылардың уәждерін тексеру және процестік шешім қабылдау үшін Алматы қаласының прокурорына жолдады. Сот Л.А. мен Е.И.-ге қатысты қылмыстық іс бойынша өндірісті оның тоқтатылуына негіз болған мән-жайлар жойылғанға дейін тоқтата тұруға қаулы етті», — делінген сот хабарламасында.

Айыпталушылар қамауда қалдырылды.

Полиция бұған дейін шабуыл жасағандар жәбірленушілер жұмыс істейтін компания қызметкерінің нұсқауымен әрекет еткенін хабарлаған: ол әріптестерінің белгілі уақытта банктен ірі ақшамен шығатынын білген.

ДЕРЕККӨЗ:
https://ru.sputniknews.kz/incidents/20170414/2012735/v-almaty-priostanovlen-sud-po-delu-o-razbojnom-napadenii-na-klientov-banka.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы