Астана қаласының қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) екі айдан бері жабық мекемелерге — изоляторлар мен түрмелерге бара алмай жүр. Құқық қорғаушы Анара Ибраеваның айтуынша, шілденің соңында белсенділерді Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қарамағындағы мекемелерге кіргізуді тоқтатқан. Ал кеше қалалық ішкі істер департаментіне қарайтын уақытша ұстау изоляторына, қабылдау-тарату орнына және әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау орнына кіруге рұқсат бермеген.
«Олардың түсіндіруінше, бір ғана ҚБК жұмыс істеуі тиіс, ал өздері кіргізіп жүрген комиссия — «Азаматтық альянс» басқаратын жаңа, үшінші ҚБК. 17 тамызда ішкі істер министріне ІІД-ге қарасты арнайы мекемелер жөніндегі ҚБК атынан шағым түсірілді. Онда екі түрлі нормативтік-құқықтық акт бар екені көрсетілген: қылмыстық-атқару жүйесіне қатысты ҚБК жұмысын Қылмыстық-атқару кодексі реттейді, ал арнайы мекемелерге қатысты жұмыс «Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде адамдарды ұстау тәртібі мен шарттары туралы» заңмен реттеледі. Мекемелердің тізімі де әртүрлі», — дейді Анара Ибраева.
Оның пікірінше, заңдарда тек бір ғана қоғамдық бақылау комиссиясы болуы керек деп айтылмайды. Егер белсенділерді қоғамдық бақылауға жібермесе, бұл азаптау фактілерін жасыруға әкеп соғуы мүмкін.
«Олар қазір ҚБК қызметі тоқтатылған дейді, бірақ заңнамада мұндай ұғым жоқ. Екіншіден, мемлекеттік органдардың қоғамдық бірлестіктер қызметіне араласуға құқығы жоқ», — дейді Анара Ибраева.
Сол жылдың шілдесінде Астанадағы ҚБК-ның бұрынғы төрағасы Руслан Оздоев «Азаттыққа» Астана тергеу изоляторына кіріп, азаптау туралы арыз берген екі адаммен сөйлесе алмай жүргенін айтқан. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жаңа ҚБК құрылғаны туралы құжат алғанын хабарлаған. Оздоев оны құқық бұзушылықтар туралы шағымдарды жариялап жүрген бақылаушыларды тексеруге жібермеу үшін құрылған «клон» комиссия деп атаған.
Астана ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі «Азаттыққа» қаладағы ҚБК жұмысы уақытша тоқтатылғанын және оның өкілдерін қашан қайта кіргізетіні белгісіз екенін хабарлаған. Департаменттің айтуынша, мәселе орталық комитетте шешіліп жатыр.
ДЕРЕККӨЗ:
https://rus.azattyq.org/a/28719932.html

