Жарияланымдар

Қазақстан түрмелеріндегі тінту шараларына қоғам өкілдері қатыстырылмақ

2 мин чтения

АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ — Астанада Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіровтің төрағалығымен Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) үйлестіру кеңесі отырысы өтті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі омбудсменнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Отырысқа Қазақстан бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов пен ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Азамат Базылбеков те қатысып, бас бостандығынан айыру орындарында адам құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылады.

Үйлестіру кеңесі, атап айтқанда, бас прокурордың тапсырмасы бойынша Алматы облысының пенитенциарлық мекемелерінде жүргізілген тексерудің қорытындыларын қарады. Тексеру сотталғандарға қатыгез қарау және мекеме қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерін жасыру үшін қысым көрсету фактілерін растаған.

Осыған байланысты кеңес ІІМ басшылығының алдына кінәлі адамдарды жазалау қажеттігі туралы мәселе қойды.

Кеңес мүшелері алдын алу сапарлары барысында анықталған деректерге сүйеніп, түзеу мекемелерінде арнайы құралдарды қолданып қатыгез қарау қаупінің жоғары екенін атап өтті. Сондықтан колонияларда тінту шаралары мен этаппен жеткізілген сотталғандарды қабылдау жұмыстарына ҰАТ қатысушыларын тарту тәжірибесін енгізу туралы шешім қабылданды.

Жалпы алғанда, ҰАТ пен ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті арасындағы өзара іс-қимылдың жақсарғаны аталды. Бұған мекеме әкімшіліктерінің ҰАТ қатысушыларын кіргізуге кедергі келтіру жағдайларының барынша азаюы дәлел ретінде көрсетілді.

Осы ретте үйлестіру кеңесінің халықаралық сарапшылармен бірлесіп құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған тренингтер өткізуі оң бағаланды.

Отырыста ҰАТ қатысушыларын сапалы іріктеу, алдын алу сапарлары кезінде болатын жазатайым оқиғалардан сақтандыруды қоса алғанда, міндетті медициналық сақтандыру енгізудің болашағы және міндетті зейнетақы жарналарын аудару мәселелері де талқыланды. Осыған байланысты қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу көзделген.

ДЕРЕККӨЗ:
https://www.inform.kz/ru/obschestvennikov-budut-privlekat-k-provedeniyu-obyskovyh-meropriyatiy-v-tyur-mah-rk

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы