Алматы облысының Заречный кентіндегі колонияда сотталғандарды азаптау фактісі бойынша жеті адам қылмыстық жауапқа тартылып жатыр, деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) төрағасы Дархан Қанатбеков.
«Бұл факт бойынша жеті адам (колония қызметкерлері — V) қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Қазір олардың бесеуі қамауда, екі айға қамауға алу бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жүріп жатыр, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін ештеңе жариялай алмаймыз», — деді Қанатбеков сейсенбі күнгі баспасөз мәслихатында.
Ол қызметкерлердің сот алдына келуі мүмкін мұндай оқиға «бірлі-жарым» екенін атап өтті.
«2018 жылы да азаптау бойынша қылмыстық істер қозғалды, бірақ олар сотқа жеткен жоқ. Иә, бұл өрескел факт, оны мойындаймыз», — деді ол.
ҚАЖК дерегінше, республикадағы 82 колонияда шамамен 25 мың сотталған адам бар. Жыл басынан бері әртүрлі құқық бұзушылық үшін шамамен 1,5 мың қызметкер жазаланған.
«Шамамен мұндай жазалар қолданылды: сөгіс, қатаң сөгіс, қызметіне толық сәйкес келмеуі туралы ескерту. Соңғы деректер бойынша бүгінгі күні жеті адам теріс себептермен жұмыстан босатылды», — деді комитет басшысы.
Оның түсіндіруінше, шаралар түзеу мекемелеріне баратын ҮЕҰ мен қоғамдық бақылау комиссияларының ұсынымдарына сүйеніп қабылданады.
«Олар ұсыным жібереді, сол ұсынымдарға сәйкес заң бұзушылықтар анықталады, біз ол бойынша қатаң шаралар қабылдаймыз», — деді Қанатбеков. Сонымен бірге оның сөзінше, «ешкім қылмыстық жауапқа тартылған жоқ».
Бұған дейін YouTube желісінде бір тұтқынды еденге басып ұстап, екіншісін қолынан іліп қойып, шағым жазбауын талап еткен бейнежазба тараған. ІІМ мәліметінше, қызметтік тергеу нәтижесінде 14 қызметкер тәртіптік жауапқа тартылып, олардың жетеуі жұмыстан шығарылған, мекеме бастығы мен оның екі орынбасары қызметінен босатылған, ал бес қызметкер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаны мұқият тергеуді, сондай-ақ «түзеу мекемесін жаңғыртып, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін азаматтық бақылауды күшейтуді» тапсырған.

