Жарияланымдар

Ақылды технологиялар тергеудегі азаптау мен созбалаңды азайтпақ

2 мин чтения

Ақылды технологиялар полиция жұмысына енгізілмек. Жақында қылмыстық істерді жүргізу тәсілдері түбегейлі өзгеріп, құжаттар электрондық форматқа көшіріледі. Қазір сынақтан өтіп жатқан «Заңдылық» жүйесі арқылы прокурорлар кабинеттен шықпай-ақ тергеу барысын бақылай алады. Бұл тергеушілердің тәртібін күшейтіп, жұмысын ашық етуге тиіс.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті «Электрондық қылмыстық іс» бағдарламасын әзірледі. Ол қылмысты тіркеуден бастап тергеуге, үкімді орындауға дейінгі қылмыстық процестің барлық кезеңін қамтиды. Жоғарғы сот, ІІМ, Қаржы министрлігі және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлескен бұйрыққа қол қойып, ведомствоаралық жұмыс тобын құрған.

Әзірлеушілер жаңа цифрлық жүйе қылмыстық процестегі бірнеше күрделі мәселені шешеді деп сендіреді. Іс материалдарын қолдан жасау немесе жоғалту қиындайды. Процесс жылдамдайды: сот санкциясын да электрондық түрде алуға болатындықтан, қарапайым істер бірнеше күнде тергелуі мүмкін. Жәбірленуші, айыпталушы және адвокат іс құжаттарын кез келген уақытта интернет арқылы көре алады. Істер бір органнан екіншісіне айлап жіберілмейді. Тараптар шағымданса, прокурор тергеушінің әрекетін дереу тексере алады. Болашақта барлық жауап алу бөлмелеріне бейнекамера орнату жоспарланған. Тергеушінің әрекеттері прокуратураға тікелей көрсетілмек. Жоба авторлары бұл азаптауды тоқтатуға көмектеседі деп үміттенеді. Ұстауға шығатын жедел қызметкерлерге де бейнетіркегіштер беріледі.

Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімін сот органдарының «Төрелік» ақпараттық-талдау жүйесімен, сондай-ақ Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығын қоса алғанда, басқа дерекқорлармен біріктіру көзделген. Бағдарламаға Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстердің нормалары енгізіледі. Жүйе, мысалы, құқық бұзушылық жасалған күндегі айлық есептік көрсеткішке қарай айыппұл мөлшерін, кәмелетке толмағандарға жаза тағайындаудың ерекшеліктерін және жазаларды қосу тәртібін анықтай алады.

ДЕРЕККӨЗ:http://www.nv.kz/2017/08/15/167507/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы