Күштік құрылымдар заманауи басқару тәсілдерін енгізіп жатыр.
18 тамыз, жұма күні Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы облыстық ішкі істер департаментімен бірге іске асырылып жатқан «Қылмыстық процесті оңтайландыру» жобасының аралық нәтижелерін жариялады.
Қадағалау органының мәліметінше, ішкі істер бөлімдерінде тергеушілерге арналған арнайы мөлдір кабинеттер пайда болған.
Соның арқасында енді полицияда азаптау әлдеқайда қиындай түсуі мүмкін.
— Күдіктілердің құқық қорғаушылар тарапынан азапталғаны туралы шағымдары баршаға белгілі. Мұндай жағдайларға жол бермеу және жауап алу процесін барынша ашық ету үшін Өскемен мен Семей қалаларының ішкі істер басқармаларында жеті мөлдір жауап алу кабинеті ашылды. Жақын арада мұндай бөлмелер барлық полиция бөлімдерінде жұмыс істейді, — деді ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Бұл бастамалар мұнымен бітпейді.
Сыбайлас жемқорлық қаупі мен дәлелдемелерді бұрмалау мүмкіндігін азайту үшін полиция қызметкерлері арнайы бейнетіркегіштермен жабдықталмақ. Айғақтарды алу процесі бейнеге жазылады.
Алайда мұның бәрі әзірге болашақтағы жоспар. Мөлдір кабинеттер әлі ресми түрде пайдалануға берілмегендіктен, күдіктілерден бұрынғы тәсілмен жауап алынуда.
Қылмыстық істердің кейбір санаттары бойынша сотқа дейінгі тергеу енді екі ай емес, екі аптаға созылады. Құқық қорғаушылар заңды өзгертпей-ақ жұмысты ұйымдастыруды жақсартқанын айтады.
— Жоба күдіктісі нақты анықталған, ол кінәсін дауласпайтын және зардап шеккен адамға келтірілген зиянды өтеуге дайын ауырлығы жеңіл және орташа қылмыстарға қолданылады. Бұрын мұндай істер екі айға дейін қаралса, қазір тергеушілер тергеуді екі аптада аяқтауға тырысады. Бұл үшін заңдарға өзгеріс енгізу қажет болмады: прокуратура мен ІІД жұмысын оңтайландырып, тиімді басқаруды жолға қойды. Енді әр полиция бөлімінде тек осы жоба аясындағы құқық бұзушылықтарды тергейтін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тобы бар, — деп қорытындылады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Статистикалық мәліметтерде жоба арқасында қылмыстық істердің 70 пайыздан астамы жедел тәртіпте қаралып жатқаны айтылған.
ДЕРЕККӨЗ:http://www.ratel.kz/raw/v_vko_teper_budut_doprashivat_kak_v_kino

