Жарияланымдар

Балалар омбудсмені Ақтөбедегі интернатта баланы ұруды азаптау деп бағалауға шақырды

2 мин чтения

АСТАНА, 27 ақпан — Sputnik. Ақтөбедегі арнайы интернатта болған оқиғаның мән-жайын Орталық Азиядағы Penal Reform International (PRI) халықаралық түрме реформасы ұйымының өкілдігі хабарлады.

«Арнайы интернатта даму ерекшеліктері бар баланы ұру — қатыгездіктің сорақы көрінісі, оны кәмелетке толмаған адамға жасалған азаптау ретінде қарау керек. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мониторинг тобы оқиға орнына барып, баланы екі жарым ай бұрын жұмысқа алынған тәрбиешінің ұрғанын анықтады. Ол тәрбиеленушімен жанжалдасып, соққы бергеннен кейін жұмыстан кеткен», — деді PRI ұйымының Орталық Азиядағы аймақтық директоры, балалар омбудсмені жанындағы мониторинг тобы үйлестіру кеңесінің хатшысы Азамат Шамбилов.

Ол жабық балалар мекемелерінде, сондай-ақ ерекше қажеттілігі мен даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істейтін барлық қызметкердің арнайы оқудан және даярлықтан өтуі қажет екенін атап өтті.

Құқық қорғау ұйымының мәліметінше, қазір шағымдар мен азаптау фактілерін тиімді тергеуге арналған тетіктер мен құралдар жетіспейді. Соның салдарынан жабық мекемелерде адамдарға күш қолданған көптеген қызметкерлер жазасыз қалып отыр.

Бұған дейін ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымында бала ұрылғанын «Ару ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлима Әбдірова мәлімдеген. Оның айтуынша, кәмелетке толмаған бала көптеген жарақат алған, ал мекеме директоры бұл оқиғаны тіркемеген.

Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков құқық қорғаушының сөзін растады. Ол Sputnik Қазақстанға оқиғаның тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

ДЕРЕККӨЗ:https://m.ru.sputniknews.kz/incidents/20180227/4741534/spetsinternat-aktobe-rebenok-izbieniye-vospitatel.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы