Қызылордадағы ЗК 169/5 қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатқан адам қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелеріне мекеме қызметкерлері өзін қалай қорлағанын айтып берді.
— Бізге 13 мамырда Қызылордадағы ЗК 169/5 мекемесіне этаппен жеткізілген 29 жастағы Шыңғыс Әбдірахимовтың анасы жүгінді, — деді Қызылорда облыстық қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Серік ТЕҢІЗБАЕВ. — Комиссия мүшелері Шыңғыспен кездесті. Ол мекемеге түнгі екіде келген бойда тексеру бөлмесінде колония қызметкерлері өзін ұрып, шашын тақырлап алғанын айтты. Бұған жиырма шақты адам қатысқан: біреулер ұстап тұрса, өзгелері ұрған, тізерлетіп қойып шашын алған.
Қоғамдық бақылау комиссиясының қызметкерлері Әбдірахимовтың келісімімен тәжірибелі сот-медициналық сарапшыны шақырып, оны тексерткен.
— Сарапшы Шыңғыс Әбдірахимовтың ішінің төменгі жағы және белінің екі тұсы ауыратынын, сол білегінде көгерген, шынтақтары мен сол жақ тізеасты тұсында сырылған іздер бар екенін анықтады, — деді Теңізбаев. — Бұл жарақаттар доғал заттың әсерінен пайда болған. Олардың салынған уақыты істің мән-жайында көрсетілген мерзімге сәйкес келуі мүмкін.
Комиссия мүшелері көргені мен естігенінің бәрін облыс прокуроры Халидулла ДӘУЕШОВКЕ жазып жіберген.
— Бастапқыда өтінішімізді қабылдағысы келмеді. Тіпті прокуратура қызметкерлері қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қорғаушысына айналғандай әсер қалды, — деп ашуланды Теңізбаев. — Соған қарамастан, өтінішімізді прокуратурада тіркетіп, жауап күтіп отырмыз.
Қызылорда облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті әзірге түсініктеме бермей отыр. Тілшіміздің ЗК 169/5 қызметкерлері сотталғандарға қандай «тәрбие тәсілдерін» қолданатыны туралы сұрағына департамент басшысының орынбасары Талғат ТҰРСЫНБАЕВ қоғамдық бақылаушылар сотталған адамның сөзінен келтірген әдістер жүйеде қолданылмайтынын айтып, облыс прокурорына жазылған өтініштегі жайттың болғанына да күмән білдірді.
— Дегенмен осы мәселе бойынша тексеру бастадық, — деді ол.
ДЕРЕККӨЗ:http://www.time.kz/articles/risk/2018/05/29/60728-ne-mozhet-bit

