Сот және апелляциялық алқа 17 жастағы жасөспірімнің азапталуы мен жарты жылға жуық қамауда болуына 500 мың теңге өтемақы белгіледі. Қарбыз сатушыны өлтірді деген айып тағылған Даниил Романов полицияға қарсы зиянды өтеу туралы талап арыз берген. Өткен күзде сот оны ақтады. Ол 10 миллион теңге сұрағанымен, 500 мың теңге тағайындалды.
Орал қалалық қылмыстық соты Даниил Романовқа ақтау үкімін шығарғаннан кейін облыстық сот, соңынан Жоғарғы сот та оның кісі өлтіруге кінәсіз екенін растады. Осыдан соң жас жігіт моральдық және материалдық зиянды өтеу жөнінде талап арыз берді.
— Мен жеті айға жуық қамауда отырдым. Мені азаптап, кінәмді мойындатуға тырысты. Оның үстіне, сол кезде кәмелетке толмаған едім. Онда небірді көрдім, талай нәрсе бастан өткердім. Ал маған бар болғаны 500 мың теңге бермек. Бастан кешкенім үшін бұл түкке тұрмайды, — деді апелляциялық сот отырысынан кейін «Уральская неделя» тілшісіне телефон арқылы наразылығын білдірген Даниил Романов.
Даниил 10 миллион теңге өндіруді сұраған. Ол тергеу кезінде полицейлер келтірген моральдық және дене жарақатының зиянын осылай бағалаған.
— Әуелі қалалық сот 500 мың теңге жеткілікті деді. Кейін облыстық сот та сол шешімді қолдады, — деді Даниил Романов.
Еске салайық, іс 2017 жылдың жазында Екінші саяжайлар ауданында қарбыз сатушының өлтірілуіне байланысты. Сол кезде полиция 17 жастағы Даниил Романовты ұстап, оған айып тағып, қамауға алған. Тергеу барысында жасөспірім қатыгез азаптауға ұшырап, соның салдарынан кінәсін мойындағанын айтқан. Кейін ол айғақтарынан бас тартып, тергеуші мен полицейлердің ұрып-соққаны және қорқытқаны туралы мәлімдеген. Орал қаласының қылмыстық соты Даниилді кінәсіз деп таныды. Полицейлер апелляциялық шағым түсірді. Алайда облыстық сот ақтау үкімін өзгеріссіз қалдырды. Кейін іс Жоғарғы сотта да қаралып, кассациялық шағым қанағаттандырылмады. Даниил Романов толық ақталды.
Мария Мельникова

