Жарияланымдар

Шығыс Қазақстанда полиция бөліміндегі күдіктінің өлімі тергеліп жатыр

2 мин чтения

Шығыс Қазақстан облысында полиция бөлімінде күдікті қайтыс болғаннан кейін тергеу басталды. Ресми хабарламаға сәйкес, Қаратұма ауылының 33 жастағы тұрғыны Азамат Оразалы өткен аптада мал ұрлады деген күдікпен Мақаншы ауылының полиция бөліміне жеткізілген. Кейін оның қайтыс болғаны белгілі болды. Туыстары полицияда оны азаптағанын мәлімдеді.

19 қазанда туыстары марқұмды ақтық сапарға шығарып салды. Азамат Оразалының туысы Салтанат Оразалы Азаттыққа оның денесінде соққы іздері болғанын айтты. «Үржар қаласында жасалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысында өлім себебі белгісіз деп көрсетілген», — деді ол. Салтанаттың айтуынша, 17 қазанда Азаматтың өлімі туралы хабар тараған соң тұрғындар наразылық танытып, ер адамдар полиция бөліміне барған. Ауыл әкімдері мен жергілікті ақсақалдар жұртты «әрең тыныштандырған».

ШҚО полиция департаментінің басшысы Сағат Мадиев ішкі қауіпсіздік басқармасы «азаптау фактісі бойынша» сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлады. «Жақын туыстарының қатысуымен оқиға орнын қарау жүргізілді. Қажетті сараптамалар, оның ішінде патологиялық-анатомиялық зерттеу тағайындалды, олардың нәтижелері әлі дайын емес», — деді Мадиев дүйсенбіде таратылған бейнемәлімдемесінде.

Қаратұма ауылы — Қаратұма ауылдық округінің әкімшілік орталығы әрі жалғыз елді мекені. Ол аудан орталығы Үржар кентінен шамамен 30 шақырым шығысқа қарай орналасқан.

Қазақстанда полицияда күдіктілерге, ал бас бостандығынан айыру орындарында тұтқындарға азаптау мен қатыгез қарым-қатынас қолданылғаны туралы хабарлар жиі кездеседі. 2019 жылғы наурызда қабылданған Еуропарламент қарарында Қазақстанда «тұтқындар мен күдіктілерге жасалған азаптау үшін жазасыздық қалыпты жағдай болып отыр» деп атап өтілген. Сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік департаментінің өткен жылғы наурызда жарияланған адам құқықтары туралы баяндамасында Қазақстан колонияларындағы жағдай ауыр екені және тұтқындар тиісінше қаралмайтыны жазылған.

ДЕРЕККӨЗ:https://rus.azattyq.org/a/30901219.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы