Ақмола облысында сотталған адамға азаптау қолданған колония офицері бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі сот үкіміне сілтеме жасап хабарлады.
ЕЦ-166/26 мекемесінің жедел уәкілі А. адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қасақана қылмыс жасаған. 2015 жылғы 23 маусымда Ақмола облысы Жарқайың ауданының Степной кентіндегі ЕЦ-166/26 мекемесіне Н. есімді сотталған адамды қоса алғанда, 20 адам жеткізілді. Олар карантинге орналастырылды. Талаптарды бұза отырып, әкімшіліктің ерікті көмекшілері оларға жақындап, жаңадан келгендерге саптық дайындық жүргізген. Бұдан кейін Н.-ның денсаулығы нашарлап, ол бірнеше рет медициналық көмек сұраған. 25 маусымда Н. медициналық бөлімге жеткізіліп, өзін жайсыз сезінген.
Осы кезде жанынан өтіп бара жатқан жедел уәкіл А. сотталған Н.-ның басынан алақанымен екі рет ұрып, өтірік ауырған болып көрінбеуді талап еткен. Осылайша А. қорқыту мақсатында Н.-ға қасақана тән және психикалық азап шектіріп, оған азаптау қолданған. Екі күннен кейін Н. жүрек ауруынан қайтыс болған. Мәйітханаға келген туыстары оның денесінде көптеген көгерген іздерді байқаған.
Жарқайың аудандық соты жедел уәкіл А.-ны азаптау жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот оған екі жыл сегіз ай бас бостандығынан айыру, сондай-ақ үш жыл бойы мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады. Ол әскери атағынан да айырылып, жәбірленушілерге моральдық зиян үшін 700 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

