8 сәуірде Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі сотында жергілікті жалпы режимдегі колонияның (АП-162/3) бірнеше бұрынғы қызметкеріне қарсы істі қарау жалғасты. Сот отырысы бейнеконференция форматында өтті. Процеске қатысушылар Алматыда, Нұр-Сұлтанда және бірқатар колонияда болды.
Отырыс судья Жұлдыз Тілеугеноваға қарсылық білдіру туралы өтініштен басталды. Мұндай өтінішті жәбірленушілердің бірі — Алматы тұрғыны, Павлодар колониясының бұрынғы тұтқыны Евгений Рычков мәлімдеді. Рычковтың пікірінше, судья павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семеноваға оның мүддесін қорғауға рұқсат бермей, заңды, тараптардың теңдігі мен сот талқылауының бейтараптығы қағидаттарын бұзған.
3 сәуірде судья Тілеугенова сотталушылардың бірінің өтініші негізінде Семенованы процеске қатысудан шеттету туралы қаулы шығарған. Ол Семенова бұрын өзіне құқықтық көмек көрсетіп, енді жәбірленушілердің атынан қатысып отырғанын, мұның Қылмыстық-процестік кодекс нормаларына қайшы екенін мәлімдеген.
Қарсылық білдірілгеннен кейін бірнеше сағаттық үзіліс жарияланды. Одан соң Тілеугенова өтінішке қарамастан сот отырысын жалғастырды. Түстен кейін Рычков сот отырысына қатыспады.
Түстен кейін 2016 жылғы ақпанда сотталған Бақытжан Әбдікәрімовтің қайтыс болуы туралы эпизод бойынша куәлардан жауап алу жалғасты. Жәбірленуші тарап ретінде марқұмның Алматыда тұратын әпкесі Нұрлығүл Демпстер қатысты. Оның мүддесін адвокат Алма Толысбаева қорғады.
Әбдікәрімов — дзюдодан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Павлодар облыстық дзюдо федерациясының бұрынғы вице-президенті — адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіргені үшін жазасын өтеп жатқан. Үш жыл бұрын ол әйнектің сынығымен мойнындағы күретамырын кесіп, қан жоғалтудан қайтыс болған.
Нұрлығүл Демпстердің айтуынша, бауырын өлтірген, ал бұл іс бойынша сот үш жылдан бері жүріп жатыр. 2016 жылы аталған іс Балқаштан этаппен жеткізілген басқа сотталған адамның өлімі туралы іспен біріктірілді. Өйткені екі өлімге де бір адамдардың қатысы болуы мүмкін деген күдік туған. Біріктірілген іс 2019 жылы сотқа берілген.
Келесі сот отырысы 9 сәуірге белгіленді. Сол күні, судья Тілеугенованың айтуынша, Рычков Алматыдан бейнебайланыс арқылы сотқа қатысқан жағдайда оның судьяға қарсылық білдіру туралы өтініші бойынша шешім шығарылады.
ДЕРЕККӨЗ: https://rus.azattyq.org/a/29868898.html

