Баршино ауылының 36 жастағы тұрғыны Асылбек Ахметов 20 қарашада өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Марқұмның туыстары мұны полициядағы азаптаудан кейін болған оқиға деп санайды, деп хабарлады «Вечерняя Караганда» Telegram-арнасы.
Туыстары Асылбектің өліміне полиция қызметкерлері кінәлі екеніне сенімді. Олар істі объективті тергеп, кінәлілерді жазалауды талап етті. Олардың айтуынша, мәйітті қараған кезде ер адамның денесінде көгерген және сырылған іздер болған.
Ер адам мал ұрлады деген күдікке іліккен. Полициядағы жауап алудан үйіне оралған соң ол әйеліне өмір сүргісі келмейтінін айтқан.
Қарағанды облысы полиция департаменті Асылбек Ахметовтің мал ұрлығы ісі бойынша күдікті болғанын растады.
«17 қарашада «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері Нұра ауданында орналасқан шаруа қожалығына тиесілі төрт бас ірі қараның ұрланғанын анықтады. Шаруа қожалығының басшысы ұрлықтың 2019 жылы болғанын растап, тиісті арыз берді. 18 қарашада сотқа дейінгі тергеу басталды», — деп хабарлады ведомство.
Полицияның мәліметінше, сол күні мал ұрлады деген күдікпен 36 жастағы ер адам ұсталған. Ол кінәсін мойындайтын жауап беріп, малды сойған, етін сатып алған адамдарды және ұрланған еттің елорда базарында сатылған орнын көрсеткен. Анықталған адамдардың бәрінен жауап алынған.
Орташа ауырлықтағы қылмыстың жасалғанына көп уақыт өткендіктен, жауап алудан кейін ер адам үйіне жіберілген.
Ведомство сот-медициналық сараптама Ахметовке күш қолданылғаны туралы уәждерді теріске шығарғанын да атап өтті.
«Қазіргі уақытта қылмыстық істі Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тергеп жатыр», — деп түйіндеді полиция.
ДЕРЕККӨЗ:
Газета «Новый вестник»

