Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Галина Щипкова бейнеүндеу жариялап, ШҚО-дағы 156/6 мекемесінде «өлім аузында жатқан» ұлын құтқаруды сұрады. Әйелдің мәлімдемесіне ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) түсініктеме берді, деп хабарлайды NewTimes.kz ақпарат агенттігі.
Әйелдің айтуынша, ұлын 20 шілдеде ұрып-соққан, содан бері ол өздігінен жүре алмайды.
«Ұлым 156/6 мекемесінде өте ауыр жағдайда жатыр. Бүгін кездесуге келгенімде оны көтеріп алып шықты: 20 шілдедегі соққыдан кейін қолдары ұйып қалады. Ол тіпті менімен сөйлесе алмады. Бар-жоғы 15 минут қасында болдым. Қазір білікті көмек көрсетілмесе, ол қайтыс болады», — деді Галина Щипкова жылап.
Әйелдің үндеуіне ҚАЖК жауап беріп, тексеру жүргізілгенін түсіндірді.
«30 жастағы сотталған азамат 2016 жылғы ақпанда бас бостандығынан айыру мекемесіне N11.1 және N20.0 диагноздарымен (созылмалы обструктивті пиелонефрит және бүйрек тастары — NT ескертпесі) түскен. Ол жазасын өтеудің жеңілдетілген жағдайында ұсталады, мінез-құлқы оң бағалаудың екінші дәрежесіне ие. 31 шілдеде анасымен қысқа мерзімді кездесу өткізілген.
Денсаулық жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық. 2018 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша мекеменің медициналық бөлімшесіндегі стационарда дәрігер тағайындаған кешенді ем алып жатыр», — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ведомствоның мәлімдеуінше, сотталған адамның мекеме әкімшілігіне шағымы жоқ, бұл жазбаша расталған. Қадағалау органының өкіліне ол сотталғанға дейін де бүйрек ауруларынан зардап шеккенін айтқан.

