Жамбыл облысының тұрғыны Александра Минголимова күйеуінің өліміне полиция қызметкерлерін кінәлайды. Әйел жұбайын азаптап, жасамаған қылмысын мойындатуға мәжбүрлегеніне сенімді.
Бұл туралы «Астана» телеарнасының сюжетінде айтылды.
Түрмеге түспеу үшін 27 жастағы Дмитрий Минголимов өзіне қол жұмсаған. Қайтыс болар алдында ол хат қалдырып, құқық қорғау қызметкерлерінің азаптағанын егжей-тегжейлі жазған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, оған зорлау қылмысын мойнына алу үшін әуелі ақша ұсынған. Бас тартқан соң азаптап, қылмысты мойындауға мәжбүрлеген.
Жас жігіт мұның бәрін өлер алдындағы хатында сипаттаған.
«200 мың теңге. Иә, істі өз мойнына алсын деген. Ол үш жыл бойы маған опасыздық жасаған жоқ. Қандай зорлау туралы айтуға болады? Міне, хатында жазыпты: оны таяқпен ұрған, джинсын шешкізген. Сынған киймен де ұрған. Үстіне оқ өтпейтін кеудеше кигізіп, таяқпен ұрған. Электрошокер де қолданған. Жерлегенде табытта оның бетінің оң жағындағы сүйек тұсында электрошокердің ізін көрдік», — деді жесірі.
Әйел сол күні Дмитрийдің полициядан түнде кеш қайтқанын еске алды. Келесі күні оны асылып қалған күйінде тапқан.
Жесір әйелдің пікірінше, полиция күйеуінің өлімін салғырт тергеген. Жергілікті полиция қызметі туыстарының айыптауымен келіспейді.
«Дмитрий Минголимовтың өзіне қол жұмсау ісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қаралды. 30 маусымда қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды», — деді Жамбыл облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Ноян Қиымбеков.
Тергеушілер марқұм хатында аты аталған үш полиция қызметкерінің әрекетін тексергенін айтады. Олардың әрекетінен заңбұзушылық анықталмаған деген мәлімет берілген.
Шындыққа қол жеткізу үшін туыстары мәйітті эксгумациялауға да дайын.
ДЕРЕККӨЗ: https://neonomad.kz/pytali-troe-v-predsmertnoj-zapiske-nashli-imena-zhambylskih-policejskih/

