Жарияланымдар

Балқаштық құқық қорғаушыға қатысты іс қайта жанданды

2 мин чтения

Балқаш қаласының құқық қорғаушысы Санат Букеновке қатысты қылмыстық іс қайта жанданды. Ол жергілікті прокурорға көрінеу жалған сөз жеткізді деп айыпталып отыр. Бұған дейін Букенов тергеу кезінде өзіне «заңсыз әрекеттер мен қатыгез қарым-қатынас» жасалғанын айтқан. Сондықтан қаңтарда оған қатысты іс тексеру қорытындысы шыққанша тоқтатылған еді. Бүгін біраз үзілістен кейін негізгі сот отырысы өтті. Санат Букенов сотқа бұрынғыдай айдауылмен жеткізілді.

Қазыбек би атындағы аудандық қылмыстық істер сотында Азаттық тілшісіне Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданы прокуратурасынан Қарағанды облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің тергеушісіне (Букенов шағымданған тұлғаға — ред.) қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы түскені хабарланды. Қаулыда «қылмыстық құқық бұзушылық құрамының дәлелденбеуі және оның болмауы» негіз ретінде көрсетілген. Осылайша, іс жүргізуді тоқтатуға себеп болған мән-жайлар жойылғандықтан, Санат Букеновке қатысты қылмыстық іс қайта басталды.

Оның адвокаты Бағлан Бағрамова Азаттық тілшісіне істің жаңартылғанын растады. Адвокаттың айтуынша, жеке камераға орналастырылған Санат Букеновке қатысты қабылданған қауіпсіздік шаралары күшінде қалады. Келесі сот отырысының күні әзірге белгісіз.

Қарағанды облысының Балқаш қаласынан шыққан құқық қорғаушы Санат Букенов жарты жылдан бері қамауда отыр. 58 жастағы Букенов 19 қаңтарда Қарағандыдағы сот отырысында азаптау туралы шағымданып, өзін қамауда ұстауды заңсыз деп есептейтінін айтқан.

Санат Букеновтің ісі бойынша сот Қарағандыда осы жылдың басында басталған. 2014 жылы ол Балқашта қала билігі прокуратураның жол беруімен балалар үйінің түлектерінен баспаналарын тартып алып жатыр деген ақпарат жариялаған. Содан кейін көп ұзамай оған жергілікті прокурорға көрінеу жалған хабар берді деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

ДЕРЕККӨЗ:
«Азаттық» радиосы
http://rus.azattyq.org/a/28309130.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы