Өскеменде қызғаныштың салдарынан заң бұзған әйел полиция қызметкері бес жылға сотталды. Ол көршісімен бірге күйеулері бір түнді өткізген қызды алдымен соққыға жығып, кейін уақытша ұстау камерасына қамауға тырысқан.
Өткен жазда екі ер адам түнге қарай үйлерінен кетіп, таңертең оралған. Олардың бірінің әйелі күйеуінің көлігінен ұйықтап жатқан қызды көрген. Әйел оны оятып, аяқкиімін шешіп, өкшесімен ұрған, кейін көршісінің үйіне апарған. Содан соң екеуі әлгі қыздың сол түні олармен бірге болған құрбысын іздеуге шыққан. Алайда оны таба алмаған: құрбысының анасы сол түні кенеттен қайтыс болып, ол қызғанған әйелдермен кездесуден және сөйлесуден бас тартқан.
Соққы жеген қыз тек ішімдік ішіп, әлгі әйелдердің полиция қызметкері болып істейтін күйеулерімен қаланы бірге аралағандарын айтқан. Іс материалдарына сәйкес, соған қарамастан әйелдердің бірі — Өскемен қалалық ішкі істер басқармасында жұмыс істеген полиция капитаны — қызға сабақ беруді шешкен. Ол оны Үлбі полиция бөліміне апарып, күштеп көліктен түсіріп, ғимаратқа кіргізген де, уақытша ұстау камерасына итеріп кіргізген. Кезекші көмекшісі барлығына үй-жайдан шығуды бұйырғандықтан, капитан камера есігін сыртынан кілттеп үлгермеген.
Полиция формасындағы әйел бөлімге құжаттарын алуға келгенін, ешкімді камераға қамауға тырыспағанын, ал істі басшылығы ойдан құрастырғанын айтқан. Оның сөзінше, өзі заңсыз жұмыстан босатылғаннан кейін екі рет қызметіне қайта орналасқан, делінген сот құжаттарында.
Өскемен қаласының №2 соты оны күш қолдану немесе қорқыту арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ адамды ұрлау мақсатынсыз заңсыз бас бостандығынан айыру үшін кінәлі деп таныды. Сот оны жалпы режимдегі колонияда өтеуге тиіс бес жыл бас бостандығынан айыруға үкім етті, бірақ жас баласының болуына байланысты жазаны орындауды бес жылға кейінге қалдырды. Әйел полиция капитаны атағынан айырылып, мемлекеттік билік және мемлекеттік басқару органдарында бес жыл бойы қызмет атқару құқығынан да айырылды.
Оның көршісі денсаулыққа зиян келтірмей ұрды деп айыпталған еді, алайда ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/events/5-let-osudili-revnivuyu-jenschinu-politseyskogo-ust-305405/

