Бас прокуратура колонияда қаза тапқан дзюдодан Қазақстанның бұрынғы чемпионы Бақытжан Әбдікәрімовтің өліміне қатысты түсініктеме берді.
«Тергеу жинаған материалдарға сәйкес, сотталған Әбдікәрімов Б. шыны сынығымен мойын тұсына жарақат салған», — деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Жәбірленуші тарап бұл тұжырыммен келіспейді.
«Сарапшылар Бақытжанның жарасынан шыны бөлшектерін тапқан жоқ. Бұл шыны болмағанын көрсетеді. Жарадан 16% алюминий анықталған. Сарапшының түсіндіруінше, бұл заттың іздері тері алюминий негізіндегі немесе құрамында алюминий бар затпен жанасқан кезде пайда болуы мүмкін», — дейді марқұмның ағасы.
Оның айтуынша, алюминийдің болуы спортшыны «алюминий қасықтан жасалуы мүмкін өткір қарумен өлтіргенін» дәлелдейді.
«Сарапшылар теріден хлор іздерін тапты. Бұл тергеу тобы оқиға орнына келгенге дейін інімнің денесі жуылғанын көрсетеді. Іс материалдарында арнайы киімнің, аяқкиімнің, матрастың түгел жойылғаны айтылған. Яғни кісі өлтіргендер заттай дәлелдерді жоюға тырысқан», — деп қосты Жандос Әбдікәрімов.
Оның сөзінше, оқиға орнынан қан мен саусақ іздері жоқ шыны табылған.
«Ал сараптамаға қан ізі бар, бір бөлігі скотчпен оралған, бірақ Бақытжанның саусақ іздері жоқ шыны сынығы келіп түседі. Осы нұсқаға сенсек, інім медициналық бөлімдегі терезені сындырып, саусақ ізін қалдырмау үшін шыныны скотчпен орап, өз тамағын кескен болып шығады. Бұл ақылға сыймайды! Барлығы оны өлтіргенін көрсетеді», — деп санайды Жандос.
Ол істі «Кісі өлтіру» бабына қайта саралауды талап етіп, Президент әкімшілігіне және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым жіберуді жоспарлап отыр.
Еске салсақ, Әбдікәрімов 2016 жылғы ақпанда Павлодар облысындағы колониядан өлі табылған.
Өлімнің ресми нұсқасы — өзін-өзі өлтіру. Алайда бұрынғы чемпионның туыстары оның өзіне қол жұмсауына себеп болмаған деп есептейді.
Кейін тергеу сотталған дзюдошы Бақытжан Әбдікәрімовті өзіне қол жұмсауға колониядағы өзге сотталғандар мен қызметкерлердің әрекеттері жеткізгенін анықтады.
Оған өзге сотталғандар тарапынан зорлық-зомбылық көрсетілгені анықталған.
ДЕРЕККӨЗ:
https://www.nur.kz/1428550-v-genprokurature-prokommentirovali-2.html

