Жарияланымдар

Петропавлдағы колония тұтқындарының туыстары түрмедегі зорлық-зомбылыққа шағымданды

2 мин чтения

Петропавл колониясындағы сотталғандардың туыстары азаптау туралы шағымдануда. Олардың айтуынша, түзеу мекемесінде әйелдерді ұрып-соғады және зорлайды. Бұл жөнінде сотталған әйелдердің бірі жазған хаттан белгілі болған. Оның бұрынғы камераласы хатты медициналық қолғапқа орап, жұтып қойған, осылайша түрмеден жасырын алып шыққан, деп хабарлайды Zakon.kz 31 арнаға сілтеме жасап.

Хатта Светлана туыстарынан ақша жіберуді өтініп, сотталғандарға жасалған қорлықты сипаттайтын арызды Бас прокуратураға жеткізуді сұрайды.

— Сотталған әйелдерді жеке камераларға қамап, барлығын тартып алған, тіпті етеккір кезінде де. Жеке гигиенаға арналған ыдыс бермей, оларды айқайлап, истерикаға түсуге дейін жеткізген. Кейін мұның бәрін бейнетіркегішке түсіріп, тәртіп бұзушылық деп рәсімдеген. Осындай күйде балағат сөз айтқан сотталғандарға күш қолданған, — деп жазды ЕС 164/6 мекемесіндегі сотталған Светлана Егорова.

Светлана Егорова адам өлтіруге оқталғаны үшін алты жылға сотталған. Бір жылын Қарағандыда өтеп, кейін Петропавлға ауыстырылған. Көп ұзамай ол қорлық пен ұрып-соғуға шағымдана бастаған. Кездесуге келген туыстары мұны өз көздерімен көрген.

— Оны басына бөрік кигізіп әкелді, сенбейсіз. Басында бөрік, мойнына орамал қалай болса солай оралған. Наташа көзімен «Мынаны шеш» деп белгі берді. Бөрікті шешуге рұқсат бермеді, ал орамалды шешкенімде бәрі көгергенін, тұншықтыру іздерін, қанталаған жерлерін көрдім, бәрі қара болған, — деп баяндады сотталған әйелдің анасы.

Колониядағы ұрып-соғу туралы басқа сотталғандар да айтады. Юлия Онуфриец осы жылдың наурызында босап шыққан. Ол алдымен Бас прокуратураға арыз жазған.

— Әкімшілік тарапынан сексуалдық қысым бар, мұндай жағдайлар болады. Қыздар келісуге мәжбүр, өйткені басқа амалы жоқ. Біреуінің балалары бар, біреуінің сот ісі бар. Мұны зорлықтан гөрі мәжбүрлеу деп атауға болар, — деді ЕС 164/6 колониясының бұрынғы тұтқыны Юлия Онуфриец.

Арыз бойынша қызметтік тексеру жүргізілген, бірақ колония қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері анықталмаған. Енді туыстары осы тексеруден кейін Светлананың колониядағы жағдайы тіпті нашарлап кетеді деп қауіптенеді. Оның жазасын өтеуіне әлі 2,5 жыл қалған.

ДЕРЕККӨЗ:
http://rikatv.kz/news/rodnye-zaklyuchennykh-kolonii-petropavlovska-zhaluyutsya-na-nasilie-v-tyurmakh.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы