15 қарашада Атырауда қалалық ішкі істер басқармасының тоғыз қызметкеріне қатысты сот процесі басталды. Олар дәлелдемелерді бұрмалау, билікті асыра пайдалану, сыбайлас жемқорлық, қызметтік жалғандық және басқа да ауыр қылмыстар жасады деп айыпталуда.
Қылмыстық істі №2 сот қарап жатыр. Қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің тобы «өкінген полицей» атанған Манарбек Өтеуовтің жұрт назарын аударған ашық хатынан кейін сотталушылар орындығына отырды. Өтеуов Өзбекстан азаматы Дмитрий Кимді өлтіргені үшін бұған дейін 22 жылға бас бостандығынан айырылған.
Өз хатында Өтеуов адам өлтіргенін мойындап, марқұмның туыстарынан кешірім сұраған және бұрынғы әріптестері мен Атырау полициясының басшылығын тапсырыспен адам өлтіруді ұйымдастырды, бопсалау, рейдерлік жасады, жезөкшелікке қамқорлық көрсетті және қылмыстық істерді қолдан жасады деп айыптаған.
Хат жарияланғаннан кейін Атырау ішкі істер басқармасы оны кек алу мақсатында жазылған ойдан шығарылған әңгіме деп атаған. Соған қарамастан кейін бұл хат негізінде бірден 11 қызметкерге қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Олардың тоғызы, соның ішінде адам өлтіргені үшін жаза мерзімі бар хат авторы Өтеуов сейсенбі күні сот алдына келді. Қалалық криминалдық полицияның бұрынғы басшысы Нұрболат Қабдешев пен қалалық ішкі істер басқармасының аға жедел уәкілі Бейбіт Шәлтеновке қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлінген.
Өтеуовпен бірге айыпталушылар қатарында Атырау ішкі істер басқармасының бұрынғы қызметкерлері Әли Қабдешев, Аслан Хайруллин, Азидулла Баянов, Ернар Іздібаев, Азамат Достанов, Александр Ким, Нұржан Оразғалиев және Ілияс Стамғалиев бар. Олардың біріктірілген қылмыстық ісі 28 томнан тұрады, 13 эпизод бойынша айып тағылған.
Алғашқы отырыста күдіктілердің бірінің адвокаты Айдос Ибраимов журналистерді сотқа кіргізбеуді және істі жабық режимде қарауды сұрады. Бұл ұсынысқа тек Өтеуовтің мүддесін қорғайтын адвокат Балжан Құспанова үзілді-кесілді қарсы шықты.
Қалған адвокаттар мен сотталушылар бұған қолдау білдірген. Судья Дәуренбек Даумов тараптарды тыңдап, отырысты ашық қалдыру, бірақ фото және бейнетүсірілімге тыйым салу туралы шешімін жариялады. «Осылайша журналистер залда қалды», — деп жазды басылым.
ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/events/gromkiy-protsess-atyirau-skame-podsudimyih-9-politseyskih-306219/

