Анвар Сәрсеновтің айтуынша, ол еш себепсіз тәртіп сақшыларының қолына түскен. Полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағым бергеніне жарты жыл өтсе де, нәтиже жоқ, деп хабарлайды инАқтау.
Анвар Сәрсенов полициямен сәтсіз кездесуі қаңтардың соңында болғанын айтты. Сол күні, оның сөзінше, жұмыстан үйіне қайтып бара жатқан.
«Жанымда нөмірі жоқ көлік тоқтады. Оның ішінде полиция формасын киген адам отырды. Құжаттарымды көрсетуімді сұрады. Мен көрсеттім. Содан соң жақын жерде азаматтық киімдегі үш адам отырған жол талғамайтын көлікті байқадым. Полиция қызметкерлері солардың көлігіне отыруымды айтты. Мені Мұнайлы аудандық полиция бөліміне жеткізді. Ұстау себебін түсіндірген жоқ. Кабинетке кіргізіп, шешіндіріп, барлық жеке заттарымды алып қойды. Ештеңе түсінбедім. Содан кейін ұра бастады. Бірнеше жігітті көрсеткенде оларды танымайтынымды айттым. Мені қайтадан ұрды», — деп баяндады Анвар Сәрсенов.
Ер адамның айтуынша, жауап алғаннан кейін оны бастықтың кабинетіне апарған.
«Оған бәрін түсіндірдім. Ол бір қызметкерді шақырды. Әлгі адам мені басқа кабинетке алып барып, басымнан жұдырықпен ұра бастады. Әжетханаға шыққан кезде Мұнайлы ауданы прокурорының басшысын кездестіргенім ғана құтқарды. Оған бәрін айтып бердім, ол мені бөлімнен алып шықты. Мен полиция қызметкерлеріне арыз жаздым», — дейді Анвар.
Ер адам барлығы шамамен төрт сағат бойы соққыға жығылғанын айтады. Содан кейін екі ай жұмысқа бара алмаған, мұрнынан тоқтаусыз қан аққан.
«Іс қозғалғанын бірнеше ай күттім. Ештеңе шешілмейтінін көрген соң облыстық прокуратураға арыз жаздым. Бірақ оқиға болғанына алты ай өтсе де, іс орнынан қозғалған жоқ. Сол заңсыздық үшін полицейлер заң алдында жауап бергенін қалаймын. Бұл тек маған қатысты емес. Бүгін мені ұрса, ертең басқа біреудің ұлын не әкесін ұрады. Олар бізді қорғауы керек, керісінше емес. Олар заңның атынан әрекет етеді, бірақ өздерін заңнан жоғары қоятындай», — дейді Анвар Сәрсенов.
inAktau.kz редакциясы осы іске қатысты түсініктеме алу үшін облыстық прокуратураға ресми сауал жіберген.

