Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының (ЕБҚКБ) үш жедел уәкіліне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Сот үкімімен Алматы облысы Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінің ЕБҚКБ бөлім бастығы, аға жедел уәкілі және жедел уәкілі ұсталған адамды азаптағаны үшін жалпы режимдегі колонияда екі жылдан екі жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар олар екі жыл бойы құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айырылған.

Айта кетейік, Алматы облысының қылмыстық қудалау органдары бұл істі бірнеше рет тоқтатып, қайта қозғаған. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2013 жылғы наурызда аталған полицейлер Алматы облысының Ақжар ауылында есірткі таратты деген күдікпен 39 жастағы ер адамды ұстаған. ЕБҚКБ қызметкерлері Андрей Ю-Ен-Гинді полиция бөліміне жеткізген. Бірнеше күннен кейін ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторында өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі. Кейін жүргізілген тексерулер марқұмды ұстау әуел бастан заңсыз болғанын анықтаған. Сондай-ақ құқық қорғау қызметкерлері Қарасай ауданындағы Каменка полиция бөлімінің ғимаратында жәбірленушіге азаптау қолданғаны әшкереленген. Полиция қызметкерлеріне «Көрінеу заңсыз ұстау» және «Азаптау» баптары бойынша қылмыстық істер қозғалған.

Полицейлердің қорғаушылары үкімге шағымданбақ. «Біз үкіммен мүлдем келіспейміз және оған шағым береміз. Менің қорғауымдағы адамның өзіне тағылған қылмысты жасағанына тікелей дәлел жоқ. Қылмыстық іс өте ұзақ, үш жылға созылды. Тек жанама дәлелдер бар. Жалғыз дәлел — марқұм жәбірленушінің түсініктемесі, онда ешкімнің тегі де, аты да көрсетілмеген. Дене жарақаттары туралы айтсақ, оң қолының шынашағындағы және сирағындағы аз ғана сызаттар ғана тіркелген. Сонымен қатар жәбірленушінің наркологиялық есепте тұрғаны және бұрын сотталғаны белгілі», — деді сотталған полицейлердің бірінің адвокаты Әлімжан Оралбай.

Құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты үкім сол кезде әлі заңды күшіне енбеген.

ДЕРЕККӨЗ:
Tengrinews.kz
https://tengrinews.kz/crime/almatyi-troe-politseyskih-ubn-osujdenyi-pyitki-zaderjannogo-298252/