Жамбыл облысында 25 жастағы жігіттің жұмбақ өліміне қатысты істің мән-жайы анықталып, кінәлі деп танылған адам сотталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол бұзақылық жасағаны үшін жас жігітті ұстаған учаскелік инспектор болып шықты. Жаңа үйленген жігітті полиция бөліміне дейін жеткізбеген, ал туыстары оның денесін мәйітханадан тапқан.
Учаскелік полицей басты кінәлі деп танылғанымен, оған адам өлтіру айыбы тағылмағанын атап өткен жөн. Ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және денсаулыққа ауыр зиян келтіру үшін сотталған. Сот шешімімен 33 жастағы полиция капитаны шенінен айырылып, алты жыл бойы құқық қорғау органдарында жұмыс істеуіне тыйым салынып, жалпы режимдегі колонияда тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.
Ғазиз Аманбаев, Т. Рысқұлов аудандық сотының төрағасы:
— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде де, сот тергеуінде де сотталушы Қуанышбеков кінәсін мойындамады. Өз жауабында жәбірленушіні аудандық ауруханаға жеткізгенде оның тірі болғанын айтты. Жәбірленуші ауруханада қайтыс болды деп түсіндірді, алайда куәлар керісінше екенін дәлелдейді.
Бұл оқиға жарты жыл бұрын болған. Өз үйлену тойынан кейінгі екінші күні Ерік Төреқұлов достарымен тыйым салынған жерде суға түспек болған. Бір сәтте олар күзетшілермен сөзге келіп қалған. Шақырылған полиция жасағы жанжалдың басты қатысушысы Ерікке күш қолданып, көлікке отырғызып, белгісіз жаққа әкеткен. Бір сағаттан кейін жігіттің денесі мәйітханадан табылған. Сараптамаға сәйкес, ол тұншығудан қайтыс болған.
Сотта бұрынғы учаскелік полицей жас жұбайға ешкім тиіспегенін, оның ауруханада көз жұмғанын айтқан. Бірақ дәрігерлер бұл айыпты өз мойнына алмаған. Еріктің туыстары сот шешіміне риза болғанымен, ұстауға қатысқан тағы екі полицейдің неге тек куә ретінде қалғанын түсінбейді.
Қуанышбек Төреқұлов, әкесі:
— Сол екеуі, Аруанбеков пен Ескендіров, әлі күнге дейін бостандықта, әлі жұмыс істейді. Ешқандай жаза алған жоқ. Прокуратураға бардым, тергеу жүріп жатыр дейді. Олардың да әділ жазаланғанын қалаймын. Олар да сол жерде болды, олар да кінәлі.
Туыстары жалғыз ұлынан айырылған қайғыны әлі де бастан кешіруде. Жұбаныштары жүкті болған жас келіндері еді. Алайда қатты күйзелістен кейін ол да баласынан айырылған. Енді отбасы барлық кінәлілерді жазалауды талап етуде.
ДЕРЕККӨЗ:
https://www.zakon.kz/4834924-v-zhambylskojj-oblasti-raskryli.html

