Қазақстан Ішкі істер министрлігі прокурорлар Бауыржан Ғаббасов пен Олеся Кексельге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды «Время» газеті.
Қазақстан Бас прокуратурасының бұрынғы прокурорлары Бауыржан Ғаббасов пен Олеся Кексель азаптау ісіне қатысы бар тұлғалар ретінде аталып отыр. Бұл туралы «Время» газетінің тілшісі хабарлағандай, 15 қараша, жұма күні бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның ісі бойынша сот отырысында адвокат Хамида Айтқалиева өтінішхаттарының бірінде мәлімдеді.
— Тергеуді бастауға біздің қорғауымыздағы кәсіпкер Е. И. Нәбиевтің Бас прокуратураның 4-қызметінің бұрынғы басшысы О. И. Кексель мен Бас прокуратураның тергеу-жедел тобының мүшесі Б. А. Ғаббасовтың заңсыз әрекеттері туралы арызы негіз болды, — деді Айтқалиева. Ол Нәбиевтің тергеу кезінде азаптауға ұшырағанын айтып, соттан оны кінәсіз деп тануды сұрады.
Адвокаттың сөзінше, қылмыстық істі Қазақстан ІІМ тергеушісі жетекшілік ететін тергеу-жедел тобы тергеп жатыр. Хамида Айтқалиева Олеся Кексельдің қорғану құқығы бар куә ретінде жауап бергенін де хабарлады.
Еске салайық, Кексель Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметін басқарған, оған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы тергеу департаменті басшысының орынбасары болған. Ол бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовке және бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты істердің тергеу топтарын басқарған. Олеся Кексель бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың қолдауындағы тұлға саналады. Президент жарлығымен Қожамжаров сенатор болып тағайындалғаннан кейін БАҚ-та Кексель Қазақстаннан кетіп, Германияда тұрып жатыр деген расталмаған мәлімет шыққан.
Бұған дейін басқа іс бойынша адвокат Жан Күнсеркин 25 шілдедегі баспасөз мәслихатында арнайы прокурорлар қызметін басқарған кезінде Олеся Кексель қылмыстық іс бойынша күдікті Гүлнәр Мұсабаевадан Иманғали Тасмағамбетовке қарсы айғақ беруді талап еткенін айтқан.
ДЕРЕККӨЗ: https://forbes.kz/process/eks-spetsprokuror_olesya_keksel_stala_figurantom_po_delu_o_pyitkah/

