Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Мұратғали Ақетайдың төрағалығымен 5 ақпанда 2016 жылы АП-162/3 мекемесінде жасалған азаптау ісі бойынша Павлодар қалалық сотының 4 қыркүйектегі үкіміне берілген апелляциялық шағымдарды қарауды бастады. Сотталғандар отырысқа күзетпен жеткізілді.
Шағымдарды қарау өткен жылғы сот талқылауындағы екі оқиғаның біріншісінен — Павлодардағы жалпы режимдегі түрмеде дзюдодан Қазақстанның бірнеше дүркін бұрынғы чемпионы, 44 жастағы Бақытжан Әбдікәрімовтің қаза табуынан басталды. Марқұмның ағасы Жандос Әбдікәрімов болған оқиғаны кісі өлтіру деп есептейтіндіктен, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша үкімнің күшін жойып, осы бөліктегі істі прокурорға қайтаруды сұрады.
Содан кейін сотталғандар мен олардың адвокаттары сөз сөйледі. Сотталғандар өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады.
Отырыс 2016 жылдың жазында осы түрмеде азаптау салдарынан қаза тапқан 27 жастағы сотталушы Саин Мұратбековтің әкесі Қылышбай Мұратбековтің сөз сөйлеуімен аяқталды. Ол соттан үкімді өзгертіп, кінәлі деп танылғандарға «Азаптау» бабы бойынша ең жоғары жаза — 12 жыл бас бостандығынан айыруды тағайындауды сұрады. Қылышбай Мұратбеков апелляциялық шағымдардың қаралуы бес айға созылып кеткеніне де наразылық білдірді.
Жандос Әбдікәрімов сотқа Нұр-Сұлтаннан, ал Қылышбай Мұратбеков Алматыдан бейнебайланыс арқылы қатысуда.
Прокурор үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Келесі отырыс бейсенбі, 6 ақпанға белгіленді.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты 2019 жылғы 4 қыркүйекте осы резонансты істегі 14 фигурантты — оның ішінде жергілікті жалпы режимдегі колонияның бұрынғы қызметкерлерін, сондай-ақ бірқатар сотталушылар мен бұрынғы тұтқындарды (олар қылмыс жасалған кезде түрме әкімшілігінің ерікті көмекшілері болған) — бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім еткен.
Бастапқыда айыпталушылар тізімінде 16 адам болған: он адам — түрменің бұрынғы қызметкерлері, екеуі — сотталушылар, төртеуі — бұрынғы тұтқындар. Сот аяқталғанға дейін мекеменің тәрбие жұмысы жөніндегі бұрынғы орынбасары, 44 жастағы майор Виталий Гажало және карантин бөлімінің бұрынғы шаруашылық меңгерушісі, сотталушы А. Подлипалин қайтыс болды.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдерінің үкіметтері Қазақстан билігін бас бостандығынан айыру орындарындағы азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған.
ДЕРЕККӨЗ: https://rus.azattyq.org/a/30419112.html

