Марқұм Бақытжан Әбдікәрімовтің ағасы облыстық прокуратураға сенбейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ведомство қызметкерлері жәбірленуші тарапты хабардар етпестен бірнеше сараптама жүргізген.
Павлодар колониясында дзюдодан Қазақстан чемпионының қазасын тергеп жатқан ведомствоаралық тергеу-жедел тобының құрамында Павлодар облысының прокурорлары бар. Марқұмның ағасы, адвокат Жандос Әбдікәрімов осы топтың іске қатысуына қарсылық білдірді.
Жандос Әбдікәрімов қарсылық туралы Facebook-тегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, тергеу тобы жәбірленуші тарапқа ескертпестен бірқатар сараптама тағайындап, өткізген.
«Біз, жәбірленушілер, сараптамаларды тағайындау және өткізу кезінде құқықтарымыз өрескел бұзылды деп санаймыз, өйткені бұл сараптамалар туралы бізге хабарланбаған. Заң бойынша мұндай бұзушылықтар қайталама сараптама жүргізуге негіз болады. Алайда Павлодар облысының прокуратурасы үшін мұндай заң жоқ сияқты», — деп мәлімдеді Жандос Әбдікәрімов.
Қаза тапқан чемпионның туыстары оны өлтіргенін растайтын бұлтартпас дәлелдер бар деген ұстанымынан айныған жоқ.
«Оны немен өлтіргенін білеміз. Азаптауды жасыру үшін өлтірген. Павлодар облысының прокуратурасына енді сенбейміз; тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокуратурасы жанындағы ведомствоаралық тергеу-жедел тобы жүргізгенін қалаймыз. Қарсылық туралы өтініште сенімсіздіктің себептерін көрсеттік. Ағамның өлімін Павлодар облысының прокуратурасы тергегенін қаламаймын, оған сенбеймін және бас прокурор Жақып Асановтан оларды тергеуден шеттетуді сұраймын. Кісі өлтіргендер жауапкершіліктен құтылмауы тиіс», — деді марқұмның ағасы.
Дзюдодан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Бақытжан Әбдікәрімовтің денесі 2016 жылғы ақпанда колониядан табылған. Спортшы мекемеде адамға қарсы жасалған резонансты қылмыс үшін жазасын өтеп жатқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол 2007 жылы Баянауыл кентінде екі адамды аса қатыгездікпен соққыға жыққан. Алайда туыстары Әбдікәрімов жасамаған қылмысы үшін сотталған деп сенеді.
Дзюдошының отбасы оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы туралы сот шешімі шығуы мүмкін күнге екі-ақ күн қалғанда өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп есептеп, суицид нұсқасына сенбейді.
Павлодар облыстық ҚАЖД өкілдері тұтқын қайтыс болғаннан жарты жыл өткен соң Бақытжан Әбдікәрімовтің өлер алдында өзін оғаш ұстап, өзімен-өзі сөйлескенін меңзеген.

