13 қазанда Австрия астанасы Венада азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық алдын алу тетіктері өкілдерінің жыл сайынғы кеңесі басталды.
БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясына Факультативтік хаттаманың күшіне енгеніне он жыл өтті. Осы уақытқа дейін әлемдегі 82 мемлекет аталған құжатты ратификациялау немесе оған қосылу арқылы азаптау мен қатыгез қарым-қатынастың алдын алудың дүниежүзілік жүйесіне қосылған.
Өткен жылдың ішінде тағы 17 мемлекет Конвенцияға қол қойды, бұдан да көп ел құжатқа қосылу рәсімін жүргізіп жатыр. 83 қатысушы мемлекеттің 64-інде ұлттық алдын алу тетіктері құрылды.
Кеңеске 40-тан астам қатысушы жиналды. Олардың арасында ЕҚЫҰ елшілері, БҰҰ-ның Азаптаудың алдын алу жөніндегі кіші комитетінің төрағасы, ЕҚЫҰ елдерінің омбудсмендері, үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті ұлттық алдын алу тетіктерінің өкілдері бар.
Екі күндік кеңесте Факультативтік хаттама күшіне енгеннен кейінгі он жыл ішінде ЕҚЫҰ өңіріндегі ұлттық алдын алу тетіктерінің жетістіктері мен проблемалары талқыланады.
ЕҚЫҰ-ның жәрдемімен қатысушылар ұлттық алдын алу тетіктері мен алдын алу мониторингі саласындағы сарапшылардың, соның ішінде БҰҰ-ның Азаптаудың алдын алу жөніндегі кіші комитеті мен Еуропаның Азаптаудың алдын алу комитеті өкілдерінің тәжірибе және жұмыс әдістерімен алмасуы арқылы тетіктердің өз өкілеттіктерін дәйекті әрі нәтижелі орындауына ықпал етпек.
ЕҚЫҰ өкілдері ұйымның, оның жергілікті миссияларының және ұлттық алдын алу тетіктерінің ынтымақтастығын жақсарту жолдарын анықтауды, сондай-ақ Факультативтік хаттаманың тиімді іске асуын қамтамасыз етудегі ЕҚЫҰ-ның, әсіресе Демократиялық институттар бюросының рөлі туралы ортақ түсінікті нығайтуды көздеп отыр.
Әлемде Азаптауға қарсы конвенцияның Факультативтік хаттамасына қосылған мемлекеттер ең көп шоғырланған өңір — ЕҚЫҰ кеңістігі. ЕҚЫҰ-ға қатысушы 41 мемлекет Факультативтік хаттамаға қол қойған, өзгелері ратификациялау мәселесін қарастырып жатыр. 39 ел өзінің ұлттық алдын алу тетігін құрған, қалған елдерде оны тағайындау мәселесі талқылануда.
Қазақстан атынан кеңеске Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, оның жанындағы ұлттық алдын алу тетігінің Үйлестіру кеңесінің мүшесі, Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының үйлестірушісі және Қазақстандағы ЕҚЫҰ кеңсесінің өкілі қатысуда.

