Жарияланымдар

Қарағандыда қамаудағы адамның өлімінен кейін полиция қызметкерлері тексерілуде

2 мин чтения

Ер адам тергеу изоляторынан ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болған.

Қарағанды облысы Осакаров аудандық полиция бөлімінде қамауда болған адамның өлімінен кейін полиция қызметкерлеріне қатысты өзіндік қауіпсіздік қызметі тергеу бастады, деп хабарлайды Today.kz. тілшісі.

«Қарағанды облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы Осакаров ауданы полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеуді бастады», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, қаза тапқан азамат өлімінен аз уақыт бұрын сотта өзін полиция қызметкері ұрғанын айтқан.

«Сот отырысында Сергей Малай өзін соққыға жыққаны туралы сотқа жүгінген. Ол өзін ауылдастары және полиция қызметкері ұрған болуы мүмкін екенін айтқан. Төрағалық етуші судья заң талаптарына сәйкес прокурорға бұл мәлімдемені тексеруді және полиция қызметкерлері мен ауылдастары тарапынан соққыға жығылу туралы арыз жазуға көмектесуді тапсырған. Мұны сот отырысының аудио-бейне жазбасының зерттелген хаттамасы растайды. Сондай-ақ судья соттан кейін Малайға шұғыл медициналық көмек көрсетілуін қадағалауды тапсырған», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Соттан кейін айыпталушы ауруханаға қаралған, бірақ дәрігер оны жатқызуға негіз жоқ деп шешкен. Қамаудағы адам қайтыс болған соң облыстық сотта қызметтік тексеру жүргізілген.

«Тексеру судьяның заңда көзделген барлық қажетті шараны орындағанын анықтады», — деді сот өкілдері.

37 жастағы Сергей Малай 2 шілдеде Осакаров ауданының Центральное ауылында тұрғындарға бейәдеп сөз айтқаны үшін ұсталып, аудандық полиция бөлімінің камерасына қамалған. 3 шілдеде сот оны 15 тәулікке қамаған. 3–8 шілде аралығында камераға бірнеше рет жедел жәрдем шақырылған, бірақ дәрігерлер оны ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Тек 8 шілдеде ол ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізіліп, сол жерде көз жұмған.

Ұсталған адамды соққыға жығу фактісі бойынша азаматтық тұлғаларға қатысты ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Жедел жәрдем дәрігерлеріне қатысты да екінші қылмыстық іс қозғалды: олар ер адамның ауырсыну туралы шағымдарын тиісті деңгейде бағаламаған деген күдікпен ҚР ҚК 317-бабының 3-бөлігі («медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адамның өліміне әкеп соғуы») бойынша тексеріліп жатыр.

ДЕРЕККӨЗ: http://today.kz/news/kriminalnyie-novosti/2019-07-17/780450-politsejskih-proveryayut-posle-smerti-arestovannogo-v-karagande/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы