Жарияланымдар

Әскердегі жанжал: мерзімді қызметтегі сарбаз орындықпен ұрылғаннан кейін комаға түсті

2 мин чтения

Мерзімді әскери қызметші Дәулет Әшіров ауруханада ес-түссіз жатыр. Жігіттің ата-анасы Шығыс Қазақстаннан Ақтауға ұшып келіп, кінәлілерді жазалауды талап етуде, деп хабарлайды «Sputnik Қазақстан».

АСТАНА, 25 қараша — Sputnik. Ақтау гарнизонының 25744 әскери бөлімінде 18 жастағы мерзімді қызметші Дәулет Әшіровті бірге қызмет ететін сарбаз орындықпен ұрған. Ауыр жағдайда ес-түссіз жатқан теңіз жаяу әскерінің сарбазы ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Дәулеттің жағдайы ауыр: дәрігерлер бас миының қатты зақымданғанын айтып, әзірге болжам жасамайды.

«Науқастың жағдайы ауыр, бас сүйек-ми жарақаты мен ми соғылуы салдарынан комада жатыр. Қазіргі жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты, бірақ ауыр. Әлі есін жиған жоқ, мұндай жағдайда болжам жасау іс жүзінде мүмкін емес», — дейді Маңғыстау облыстық ауруханасы директорының орынбасары Аймет Мұхаметов.

Туыстары 9 желтоқсанда Ақтауға келіп, теңіз жаяу әскерінің сарбазының 19 жасқа толған туған күнін тойламақ болған, бірақ қайғылы жағдай жоспарларын өзгертті.

«Әскери бөлімдегілер ол оны қолымен жеңе алмаған соң орындықты алып, осылай болды дейді. Оны аямаймын, істегені үшін сотталуы керек. Құдайдан тек ұлымның аман-сау болып, қайта жүгіріп, «Әке, әке!» деп айқайлауын тілеймін. Ұлымды білікті дәрігерлер қарап, аяққа тұрғызса деймін. Ал кінәлі адам заң бойынша сотталсын», — дейді Дәулеттің әкесі Бақтыбек Әшіров.

Туыстары төбелестің неден шыққанын және неге сарбаздарды ешкім ажыратпағанын түсінбейді. Дәулет әскери бөлімде толық бейнебақылау жүйесі орнатылғанын, теңіз жаяу әскерінің әр қадамы қадағаланатынын айтқан.

«Дипломын, бәрін қалдырып, өзі әскерге кетті. Қызмет етемін, сіздерді асыраймын, келісімшартпен әскери қызметші боламын деген. Көктемде шақырылды. Бәрі жақсы, алаңдамаңыздар деп жүретін», — дейді әкесі.

Қазір тергеушілер екі теңіз жаяу әскерінің сарбазы не үшін жанжалдасқанын анықтап жатыр. Әзірге ешқандай нұсқа жарияланған жоқ. Күдіктінің аты-жөні де аталмайды.

«Қазір тергеу жүргізіліп, істің мән-жайы анықталуда. Тергеу барысы қорғаныс министрі мен бас әскери прокурордың бақылауында», — дейді ҚР Қарулы күштері әскери полициясы бас басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Балықбаев.

ДЕРЕККӨЗ:
https://ru.sputniknews.kz/incidents/20171125/3857243/skandal-v-armii-soldat-srochnik-posle-izbieniya-taburetkoj-vpal-v-komu.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы