Жарияланымдар

Атбасар колониясының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты айыптау актісіне шағым түсірілмек

3 мин чтения

Атбасардағы түзету колониясының бұрынғы бақылаушыларына қатысты материалдарды басқа сотқа беру туралы шешімге шағым жасалмақ, деп хабарлайды ҚазТАГ.

«4 мамырдағы істі соттылығы бойынша Атбасар аудандық сотына жолдау туралы қаулыға шағым түсіріліп, іс облыстық сотқа келіп түсті. Облыстық сот оны 10 маусымда қарайды», – деп хабарлады Ақмола облыстық соты ҚазТАГ тілшісіне.

Бұған дейін прокуратура Атбасар түзету мекемесінің қызметкерлеріне тағылған айыпты «Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас, азаптау» бабынан «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабына қайта саралаған. Соңғы қылмыс алқабилердің қатысуымен қаралмайтындықтан, қадағалау органы істі Атбасар аудандық сотына беру туралы өтінішхат беріп, ол қанағаттандырылған.

«Апелляциялық шағым айыпталушылар тарапынан да, жәбірленушілер тарапынан да түсті», – деп нақтылады облыстық сот ҚазТАГ-қа.

Еске салайық, 2023 жылдың күзінде интернетте сотталған Тимур Данебаевтың азапталғаны бейнеленген видео тарады. Бұл жазба қоғамда үлкен наразылық туғызып, көпшіліктің назарына іліккен соң тергеу басталды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, азаптауға күдікке ілінген 12 колония қызметкері жұмыстан босатылды.

Қылмыстық іс Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды. Резонанс тудырған іс бойынша екі рет ақтау үкімі шығарылып, екеуі де процестік бұзушылықтарға байланысты жойылды.

2023 жылдың күзінде қазақстандық колонияда тұтқын Тимур Данебаевты аяусыз азаптаған кадрлар интернетте тараған еді. Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Қызметтік тексеру басталды. 6 қыркүйекте құқық қорғаушы Елена Семенова азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті 11 құқық қорғау қызметкері жұмыстан босатылатынын, ал ҚАЖ департаментінің басшысы, оның орынбасары және колония бастығы қызметінен шеттетілетінін мәлімдеді. Комитет қылмыстық іс қозғалғанын да растады.

2024 жылғы 31 шілдеде Атбасар колониясының 12 қызметкеріне қатысты азаптау ісі бойынша сот басталды. Олардың үшеуі қамауда отыр, қалғандары кепілмен босатылған. Іс материалдары бойынша колониядағы 44 адам жәбірленуші деп танылды, процесс алқабилердің қатысуымен өтуде.

20 тамызда ҚазТАГ осы резонансты іс бойынша жәбірленушілерден жауап алу кезінде белгілі болған елең еткізерлік жайттарды жариялады.

12 қарашада Атбасар колониясында азаптауға ұшыраған сотталған белсенді Тимур Данебаев өзін ұрлап әкеткенін мәлімдеді.

2025 жылғы 12 ақпанда ҚазТАГ Атбасар колониясынан тараған атышулы видеода белсенді Тимур Данебаевты азаптаған деп айыпталғандар сотта толық ақталғанын хабарлады. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға нақты бас бостандығынан айыру жазасын сұрағаны назар аударарлық. Сот ақтау үкімін алқабилердің шешімімен түсіндірді. 13 ақпанда Данебаев пен ақтау үкіміне келіспеген басқа да тұтқындардың аштық жариялағаны белгілі болды.

15 ақпанда құқық қорғаушылар Атбасардағы азаптау ісі бойынша ақтау үкіміне алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасады. Сол күні Ақмола облысының прокуратурасы ақтау үкіміне наразылық келтіргенін хабарлады. 11 сәуірде соттың Атбасар колониясындағы азаптау ісі бойынша ақтау үкімін жойғаны белгілі болды.

11 сәуірде Атбасар колониясындағы азаптауға қатысы бар деп айыпталғандар ақтау үкімінің жойылуына келіспейтінін айтты.

2025 жылғы 24 желтоқсанда алқабилер соты Атбасар колониясындағы азаптау үшін айыпталған адамдарды ақтады.

2026 жылғы 29 қаңтарда ҚазТАГ азаптау ісінде процестік бұзушылықтар анықталғанын хабарлады.

17 наурызда сот Атбасар түзету колониясы қызметкерлерінің азаптауына қатысты қылмыстық іс бойынша шешімді тағы да жойды.

9 сәуірде іс қайтадан сотқа түсті.

25 сәуірде ҚазТАГ жаңа айыптау актісі жарияланғаннан кейін күдіктінің өзін-өзі өлтіруге әрекеттенгенін хабарлады.

2026 жылғы 6 мамырда Қазақстанның Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы Атбасар қаласындағы ҚАЖ мекемесінде сотталғандарға «рұқсат етілмеген ықпал ету әдістерін» қолдану туралы іске байланысты елеулі алаңдаушылық білдірді. Сол күні азаптауға айыпталған Атбасар колониясының 12 қызметкеріне жаңа айып тағылғаны белгілі болды.

ДЕРЕККӨЗ:

Ақпарат агенттігі КазТАГ

https://kaztag.kz/ru/news/obvinitelnyy-akt-eks-sotrudnikov-kolonii-atbasara-resheno-obzhalovat

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы