Іс бойынша барлық адамнан жауап алу Меңдіқара ауданындағы Красная Пресня ауылының әкімдігінде жүргізілген. Сотталушының айтуынша, тергеу әрекеттерін жасаған қызметкерлер мойындату үшін оны қорлап, басына пакет кигізіп тұншықтырған.
Еске салайық, Красная Пресня тұрғыны Мақсұт Омаров ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату») бойынша айыпталып отыр. Оған кісі өлтіруден бұрын басқа жәбірленушіден шамамен 13 000 теңге ұрлады деген айып та тағылған. Ол ұрлықты мойындайды, бірақ адам өлтіргенін жоққа шығарады.
Айыптау қорытындысына сәйкес, Омаров 10 сәуір күні сағат 20:00 шамасында көршісі Ермекан Тілеубергеновтің үйіне барған. Көршісі оған ішімдік ішуді ұсынған.
– Екеуінің арасында сөзге келу болды: Тілеубергенов Омаровты қорлап, бұрынғы әйелі Астанада массажист болып жұмыс істейтінін және жыныстық қызмет көрсетеді дегенді айтқан, – деп айыптау қорытындысын оқыды прокурор Анар Оспанова. – Жанжалдан кейін Омаров үйіне қайтқан. Жол бойы реніш сезімі басылмаған. Омаров Тілеубергеновті өлтіруге ниеттенген. Ол үйдің кіреберісінен асүй пышағын алған. Сағат 22:00 мен 00:10 аралығында Тілеубергеновтің үйіне барып, құлыпталмаған есіктен кірген. Ермекан диванда жатып теледидар көріп отырған. Мас күйдегі Омаров сол қолындағы пышақпен Тілеубергеновтің кеуде тұсына төрт рет сұққан.
23 қазанда Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында марқұмның үйін қарау кезінде куәгер болған Нұрлан Ысмақовтан жауап алынды.
– Есіктің ішкі жағынан не табылды? – деп сұрады сотталушының қорғаушысы Константин Геращенко.
– Есіктің төменгі жағында үлкен, өте үлкен қара дақ болды.
– Соттан марқұмның үйінен кесіп алынған есік бөлігін қарап шығуды сұраймын, – деп өтініш білдірді Геращенко. – Өйткені сіздерде қарау барысының видеосы және есіктің ішкі жағында қанның аққан іздері көрінетін фотосуреттер бар. Сараптама оның марқұмның қаны екенін анықтаған. Демек үйден шыққан адамның үстінде қан болған, әрі жай жағылған із емес, қан аққан. Бұл қан өлтірушінің не кісі өлтіру кезінде марқұмның қасында болған үшінші адамның үстінде болғанын көрсетеді. Бұл жайттар марқұмның үйінен шыққан адамның үстінде көп қан болуы керек екенін аңғартады.
Қорғау тарабы жарыссөзде Омаровтың үстінде мұндай көп қан болмағанын дәлел ретінде келтіре ме?
Прокурор мен марқұмның туыстары өкілінің қарсылығына қарамастан, судья өтінішті қанағаттандырды.
Одан кейін сотталушыдан жауап алуға кірісті. Қорғаушылар мен алқабилердің өтініші бойынша дауысы жақсырақ естілуі үшін оны жауап алу кезінде күзетшінің бақылауымен шыны кабинадан шығарды.
– Оны сіз өлтірдіңіз бе? – деп сұрады қорғаушы.
– Жоқ, мен оны өлтірген жоқпын, – деп жауап берді Омаров. – Бір жолы тіпті оның өмірін құтқарып қалдым. Ол мас болып пештің жанында ұйықтап кеткен, пешті жағып қойған екен. Кірсем, үй түтінге толып кетіпті. Оны сыртқа алып шықтым. Бәрі жақсы аяқталды.
Сотталушы әкімдікте жауап алу кезінде өзін «қорлап, мойындату үшін басына пакет кигізгенін» мәлімдеді. Кейін тергеу изоляторында камераласы бұдан да ауыр қорлық көрсетемін деп қорқытып, кісі өлтіргенін мойындауды талап еткен.
Судья іс материалдарынан қорғау тарапының шағымында жазылған азаптау туралы уәждер жауап алу барысында расталмағаны жөніндегі мәліметті оқып берді.
ДЕРЕККӨЗ:
«Наша газета» сайты «Наша газета»
www.ng.kz/modules/news/article.php?storyid=57605
ФОТО: Диас СҮЛЕЙМЕНОВ («Наша газета»)

